Сарсекенова А.Ж. «Дүниетану және жаратылыстануды оқыту әдістемесі» пәнінен «Білім беруде Блум таксономиясы бойынша сабақ өтудің тиімділігі» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
2026-04-16
Ж.А. Тәшенев университеті АҚ «Педагогикалық және жаратылыстану ғылымдары» институты, «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының оқытушысы Сарсекенова А.Ж. оқу-әдістемелік жұмыстарының жоспарына сәйкес 2026 жылғы 15 сәуірде «Дүниетану және жаратылыстануды оқыту әдістемесі» пәнінен «Білім беруде Блум таксономиясы бойынша сабақ өтудің тиімділігі» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Сабақтың мақсаты – білім алушыларға Блум таксономиясының деңгейлерін меңгерту, оны оқу үдерісінде тиімді қолдану жолдарын көрсету, сыни және шығармашылық ойлау қабілеттерін дамыту, сондай-ақ заманауи педагогикалық әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімділігін тәжірибе жүзінде көрсету болды.
Сабақтың басында тақырыпқа қызығушылық ояту мақсатында «Блум таксономиясы» ұғымы ребус арқылы анықталып, презентация көмегімен тақырыптың теориялық негіздері түсіндірілді. Одан әрі білім алушылар алты топқа бөлініп, Эдвард де Бононың «Ойлаудың алты қалпағы» әдісі негізінде тапсырмалар орындады. Әр топ Блум таксономиясының белгілі бір деңгейіне сәйкес тапсырмаларды орындап, өз жұмыстарын А3 форматындағы постерлер арқылы қорғады.
Сабақ барысында «Өсімдіктер мен жануарлардың адамзат өміріндегі маңызы» тақырыбы Блум таксономиясының деңгейлері бойынша қорытындыланды. Ақ қалпақ кезеңінде студенттер фотосинтездің маңызын түсіндіріп, проблемалық сұрақтарға жауап берсе, қызыл қалпақ кезеңінде «Аяқталмаған сөйлем» әдісі арқылы білімдерін толықтырды. Қара қалпақ кезеңінде «Ойлан, бірік, бөліс» әдісі қолданылып, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар шешілді. Сары қалпақ кезеңінде Венн диаграммасы мен кластер құру арқылы білім алушылардың талдау дағдылары дамытылды. Жасыл қалпақ кезеңінде «Кім жүйрік?» ойыны ұйымдастырылып, алынған білімдер жинақталды. Көк қалпақ кезеңінде рефлексия жүргізіліп, «Қолтырауын» ойыны арқылы білім алушылардың шығармашылық қабілеттері мен пәндік білімдері бағаланды.
Сабақ барысында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар тиімді қолданылып, интерактивті тақта арқылы көрсетілген бейнеролик негізінде сергіту сәті ұйымдастырылды. Бұл білім алушылардың белсенділігін арттырып, сабаққа деген қызығушылығын күшейтті.
Ашық сабаққа қатысқан оқытушылар сабақтың жоғары әдістемелік деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Сабақ құрылымы логикалық тұрғыда жүйеленіп, мақсат-міндеттері нақты қойылған. Қолданылған әдіс-тәсілдер білім алушылардың танымдық белсенділігін арттырып, өз ойын еркін жеткізуіне, топпен жұмыс жасауына және шығармашылық қабілеттерін дамытуына мүмкіндік берді.
Кафедра оқытушылары сабаққа оң бағасын беріп, Блум таксономиясын қолдану арқылы білім алушылардың ойлау дағдыларын кезең-кезеңімен дамытуға ерекше назар аударылғанын атап өтті. Сонымен қатар сабақта қолданылған белсенді оқыту әдістері студенттердің пәнге деген қызығушылығын арттырып, теориялық білімдерін практикамен ұштастыруға мүмкіндік бергені айтылды.
Жалпы алғанда, «Білім беруде Блум таксономиясы бойынша сабақ өтудің тиімділігі» тақырыбындағы ашық сабақ жоғары ғылыми-әдістемелік деңгейде өткізілді. Сабақ барысында қойылған мақсаттарға толық қол жеткізіліп, білім алушылардың белсенді қатысуы мен тапсырмаларды сапалы орындауы тақырыпты жақсы меңгергендігін көрсетті. Ашық сабақ мазмұнының өзектілігімен, құрылымының жүйелілігімен және оқытушының кәсіби шеберлігімен ерекшеленді.



