Бағдарлама тілін қазақша сөйлеткен Шпенглер
- 76 views
Шыны керек, техника тілін, компьютерлік бағдарламаларды қазақша сөйлету екінің бірінің қолынан келмейді. Тіпті, өзіміз де бұл салаға келгенде кібіртіктеп қалатынымыз рас. Себебі осынау саланың әдебиеттері, қажетті мәліметтері әлі күнге дейін ресми тілде. Аударылғанының өзі құлаққа жағымсыз естіледі.
Ал осы саладағы 22 жылдық еңбек өтілі бар ұлты неміс Сергей Шпенглер қазақ тілінде жүйрік сөйлеп қана қоймай, бағдарлама тілін мемлекеттік тілде еркін жаза алады. Жетісайлық Сергей Андреевич Шымкенттегі Ж.Ташенев университетінің Цифрландыру орталығының жетекшісі.
Сергей Шпенглер мегаполиске жуырда ғана келген. Оған дейін жоғары оқу орнын бітіріп келген 2001 жылдан бері шалғайдағы ауылда жүріп-ақ ақпараттық технология саласы бойынша талай жұмысты еңсеріп тастапты. Университетті үздік бітірген 12 ғылыми мақаланың авторы, информатика ғылымдарының магистрі Сергей Андреевич бүгінде Жұмабек Ташенев университетінің мақтанышы. 2005 жылдан 2020 жылға дейін заманауи ақпараттық технологияларды қолдана отырып, 260 электрондық оқулық жасаған. Осы электронды оқулықтардың 11-нің авторы.
2010 жылы бұрынғы Жетісай қаласындағы «Сырдария» университетінің (қазір Шымкент қаласына көшіп, атауы Ж.Ташенев деп өзгерген) электронды кітапханасын іске қосып, оны жыл сайын жаңа электронды басылымдармен толықтырып отырған. Университеттің кітап қорынан 1 500-ден астам кітапты цифрландыруды ұйымдастырды, соның арқасында «Сырдария» университеті электронды басылымдардың саны бойынша университеттер қауымдастығы мүшелері арасында көшбасшы болды. Университеттің электронды кітапханасы Қазақстан жоғары оқу орындарының ішінде үштікке енген ең танымал кітапханалардың бірі болып тұр. Қазір университеттің барлық 9 500 электронды ресурсы еліміздегі ЖОО-ы қауымдастығының қорына енгізілген. Өткен жылдың қорытындысымен университет Шпенглердің арқасында электронды кітаптарды жүктеп алу саны бойынша үшінші, ал ресурстардың жалпы саны бойынша төртінші орында тұр.
Барлық ресурстың 52 пайызы қазақ, қалғаны орыс және ағылшын тілінде. «Бүгінде оқу орнының электронды кітапханасының қоры ай сайын оқу үдерісінде сұранысқа ие жаңа электронды басылымдармен толықтырылып отырады. Кітаптарды сканерлеу арқылы қор қалыптасады. Қазір оқытушылармен бірлесіп жаңа мультимедиялық электронды оқулықтар әзірленуде», – дейді Сергей Адреевич бізбен әңгімесінде.
Одан бөлек, Сергей 2009 жылдан 2020 жылға дейін студенттердің білік¬тілігін арттыру курстарын ұйымдастырып, 12 жылда 2 000-нан астам студентті үйреткен. Сонымен бірге профессор-оқытушылар құрамы арасында біліктілікті арттыру курстарын жүргізіп келеді. Орыс, қазақ және ағылшын тілін еркін меңгерген Шпенглер керісінше неміс тіліне келгенде аздап кібіртіктейтінін жасырмады. Орта мектепті орыс тілінде оқығанымен, «Информатика» мамандығы бойынша Түркістандағы Қ.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетін қазақ тілінде қызыл дипломмен тәмамдаған ол айналамен қарым-қатынас арқылы тез үйренгенін айтады. Ал біз оның қазақ тілінде сөйлегеніне емес, бағдарлама тілін қазақша сөйлеткеніне сүйсіндік.
Шымкент қаласы
Add new comment