Ауыл жастарына қолдау ауадай қажет

oinet.kz

Сілтеме: https://oinet.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=6&id=61534

Еліміздің Ата Заңы – Конституциямыздың 1-ші бабында «Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп танығандығы мемлекетіміздің әрбір азаматқа әлеуметтік тұрғыда қолдау жасауға мүдделі екендігін білдіреді. 
Осы орайда, мемлекет тарапынан тұрғындарды, оның ішінде жастарды әлеуметтік тұрғыда қолдау үшін қолға алынып жатқан мақсатты бағдарламалар да бар.
Бүгінгі күннің басты мәселелерінің ең өзектісі жастарға жан-жақты қолдау көрсету болып отыр. Жастар болғанда, мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы тұрған әрбір түлек, болашақ тағдырына тура жол нұсқайтын бағыт-бағдарға аса зәру. Бүгінгі күні оларға дұрыс берілген бағыт-бағдар сол жастардың жарқын болашағын айқындамақ. Өз кезегінде қолдауды сезініп, сапалы білім мен саналы тәрбиені бойына сіңіре білген жастарымыз – ертеңгі күні ел көшін бастайтын өрелі азаматтар болып қалыптасатын болады. 
Бүгінде 53 білім беру бағдарламасы бойынша болашақ мамандар даярлайтын Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеті 2024 жылдың тамыз айында өткен жылғы мектеп түлектерін әлеуметтік тұрғыда қолдау мақсатында «Тәшенев тартуы» білім грантын бөліп, республика аумағы жастарына 150 орынға конкурс жариялаған болатын. Конкурстың талабы бойынша ауыл мектебін бітірген, аттестаттың қорытынды бағасы жоғары, ағылшын тілінен біліктілік сертификаттарға ие, оқу озаттары аталмыш білім гранттарын иеленді. 
Университет әкімшілігі Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Біз жастарға жаңа мүмкіндіктер жасауымыз керек. Бұл – жоғары білім алу, жұмысқа орналасу, табыс табу деген сөз. Өз өмірін жақсартуға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керек» деген тапсырмасын басшылыққа ала отырып, облыс аумағындағы қала, аудан әкімдігі және қалалық, аудандық Білім бөлімдерімен келісе отырып, Түркістан облысының шалғай ауылдарында оқитын 2025 жылғы мектеп түлектеріне әлеуметтік қолдау көрсету және кеңес беру мақсатында қала, аудан орталығынан «Түлектерден құжат қабылдау пунктін ашу» туралы бастаманы қолға алды. Бұл бастама мектеп түлектеріне не береді!?..
Сарыағаш, Жетісай, Созақ ауданы орталығынан ашылған аталмыш пункт ең алдымен ауыл жастарының қаржысы мен уақытын үнемдеуіне мүмкіндік береді. Яғни, ауыл жастары мемлекеттік білім грантына конкурсқа қатысу үшін белгілі бір қалада орналасқан жоғары оқу орнына бармай-ақ, осы пункт қызметі арқылы Қазақстанның кез-келген ЖОО-на құжат тапсыра алады. Екіншіден, қабылдау комиссиясы процесіне, мемлекеттік білім гранты конкурсына, басқа да білім гранттарына қатысты, сондай-ақ ақылы негізде оқуға қабылдану шарттары бойынша толыққанды кеңес беріледі.
Мектеп бітіруші түлектерге қызмет көрсету үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген аталмыш пункттер университеттің қабылдау комиссиясымен тікелей байланыста жұмыс атқарады.

Ғалымжан Битұрсын,
«Ж.А.Тәшенев атындағы университет» АҚ Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор, Ұлттық Заң академиясының корреспондент-мүшесі.

 

Add new comment

Restricted HTML

  • Allowed HTML tags: <a href hreflang> <em> <strong> <cite> <blockquote cite> <code> <ul type> <ol start type> <li> <dl> <dt> <dd> <h2 id> <h3 id> <h4 id> <h5 id> <h6 id>
  • Lines and paragraphs break automatically.
  • Web page addresses and email addresses turn into links automatically.

Оқиға категориялары