ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛАР ФАКУЛЬТЕТІНДЕ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ
background

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛАР ФАКУЛЬТЕТІНДЕ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

2026-05-06

Mediathek / News / ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛАР ФАКУЛЬТЕТІНДЕ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

2026 жылғы 5 мамыр күні Ж.А. Тәшенев атындағы университеттің Жасанды интеллект және инновациялар факультетінде талапкерлерге арналған Ашық есік күні ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді. Іс-шараға Шымкент қаласындағы бірқатар жалпы орта білім беру ұйымдарының оқушылары мен колледж студенттері қатысып, университеттің білім беру мүмкіндіктерімен, заманауи инфрақұрылымымен және IT саласындағы бағыттарымен кеңінен танысты.
Атап айтқанда, қала мектептерінің оқушылары белсенді қатысып, жалпы саны 205 адамды құрады. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінен 33 студент және Мирас колледжінен 42 студент қатысып, колледж студенттерінің жалпы саны 75 адамға жетті. Осылайша, іс-шараға қатысушылардың жалпы саны 280 адам болды.
Ашық есік күні талапкерлерге кәсіби бағдар беру, олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға ықпал ету, сондай-ақ университеттің білім беру әлеуетін кеңінен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шара факультет деканы Д.Ш. Душабаевтың жетекшілігімен өткізіліп, мазмұндық жағынан бай әрі практикалық тұрғыдан маңызды бағдарлама ұсынылды.
Қатысушыларға факультеттің білім беру бағдарламалары жан-жақты таныстырылып, қазіргі таңда сұранысқа ие IT бағыттарының, оның ішінде жасанды интеллект саласының маңыздылығы түсіндірілді. Сонымен қатар, университет аумағындағы заманауи білім беру кеңістіктері — Tomorrow School алаңы мен Жасанды интеллект зертханасының (AI Lab) мүмкіндіктері көрсетілді. Қонақтар нақты жобалармен, студенттердің әзірлемелерімен және инновациялық шешімдермен танысып, цифрлық технологиялардың оқу үдерісіне қалай енгізіліп жатқанын көрді.
Іс-шараға Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Серперұлы және қалалық білім басқармасының өкілдері арнайы қатысып, университеттің цифрлық даму бағыты мен білім беру жүйесіндегі заманауи тәсілдеріне оң бағасын берді.
Мұндай кездесулер талапкерлер үшін ерекше маңызға ие. Олар тек ақпарат алып қана қоймай, болашақ мамандығын көзбен көріп, нақты ортада сезінуге мүмкіндік алады. Жасанды интеллект және инновациялар факультетінде өткен Ашық есік күні қатысушылардың IT саласына деген қызығушылығын арттырып, жаңа мүмкіндіктерге деген көзқарасын кеңейтті.
Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректор Нұрай Жақабай іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қазіргі таңда жастарға тек білім беру жеткіліксіз екенін, ең бастысы — дұрыс бағыт көрсету қажеттігін атап өтті:
«Бүгінгі таңда талапкерлерге ақпарат беру ғана емес, олардың болашақ таңдауына ықпал ету аса маңызды. Осындай ашық форматтағы іс-шаралар жастарға өз мүмкіндіктерін көруге, жаңа салалармен танысуға және саналы шешім қабылдауға жағдай жасайды. Жасанды интеллект пен инновациялар — бұл тек технология емес, бұл болашақтың ойлау жүйесі».
Ашық есік күні университеттің ашықтығын, заманауи бағыттарға бейімділігін және талапкерлермен тікелей байланыс орнатуға дайын екенін тағы бір мәрте көрсетті.