«Мейірімділік – жүректен»: Университетімізде қайырымдылық акциясы қорытындыланды
background

«Мейірімділік – жүректен»: Университетімізде қайырымдылық акциясы қорытындыланды

2026-03-17

Медиатека / Жаңалықтар / «Мейірімділік – жүректен»: Университетімізде қайырымдылық акциясы қорытындыланды

«Мейірімділік – жүректен»: Университетімізде қайырымдылық акциясы қорытындыланды

Наурызнама онкүндігінің алғашқы күндері мен қасиетті Рамазан айының тұспа-тұс келуіне орай, университетімізде үлкен игі іс атқарылды.

«Қайырымдылық» күні аясында ұйымдастырылған акцияға университетіміздің оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері біркісідей атсалысты. Бірнеше күн бойы оқу орнымыздың фойесінде арнайы жәшік орнатылып, ерікті түрде қаржылай көмек жиналған болатын.

Акцияның басты мақсаты — «Рақмет саған, Анашым!» мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары қоғамдық бірлестігіне қолдау көрсету және жас буынның бойында жанашырлық, мейірімділік құндылықтарын қалыптастыру.

Жиналған қаражатқа ерекше күтімді қажет ететін балалар мен олардың отбасылары үшін ең қажетті азық-түлік себеттері сатып алынды. Дүйсенбі күні белсенді студенттеріміз аталған бірлестікке арнайы барып, жиналған көмекті өз қолдарымен табыстап қайтты.

Бұл шара тек материалдық қолдау ғана емес, сонымен қатар тағдыр сынағына мойымаған жандарға рухани медеу болды. Кездесу барысында балалар мен аналардың жүзіндегі қуаныш — атқарылған істің ең үлкен жемісі.

«Рамазан айы мен Наурыз мерекесі қарсаңында мұқтаж жандарға қол ұшын созу — әрбір азаматтың парызы. Біздің студенттердің мұндай игі істерде белсенділік танытуы көңіл қуантады», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Игі іске үлес қосқан барша әріптестеріміз бен студенттерімізге алғыс айтамыз! Жүрегіміз мейірімге, шаңырағымыз шаттыққа толы болсын.

Жақсылық жасап жарысайық!