ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ӘСЕРЛІ МЕРЕКЕЛІК КЕШ ӨТТІ
2026-03-07
Медиатека / Жаңалықтар / ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ӘСЕРЛІ МЕРЕКЕЛІК КЕШ ӨТТІ
Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университетте 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік кешке университет профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен студент жастары қатысты.
Іс-шара барысында университет студенттері әсерлі концерттік бағдарлама ұсынып, көрермен қауымға ерекше көңіл күй сыйлады. Әсіресе сахналанған көріністер мен музыкалық қойылымдарда әйел-ананың қоғамдағы, отбасындағы және ел дамуына қосқан өлшеусіз үлесі терең әрі шынайы бейнеленді. Көрермендердің көпшілігі әсерлі қойылымдарды толқумен қабылдап, кейбір сәттерде көздеріне жас алғаны байқалды. Студенттер бүгінгі қоғамдағы әйелдің рөлін, оның мейірімі мен қайсарлығын көркем түрде жеткізе білді.
Мерекелік кеш барысында университеттің Басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев сөз сөйлеп, әйелдердің қоғамдағы орны мен еңбегін ерекше атап өтті.
«Әйел — отбасының ұйытқысы, қоғамның тірегі. Білім мен ғылым саласында, мемлекет пен қоғам өмірінде аянбай еңбек етіп жүрген әйел азаматтардың үлесі орасан зор. Сіздердің парасаттарыңыз, сабырларыңыз бен жанашырлықтарыңыз біздің қоғамды алға жетелейтін үлкен күш», — деді Басқарма төрағасы.
Сондай-ақ университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Қанат Байболов та мерекелік құттықтауын жеткізді.
«Бүгінгі мерекелік концертте студенттеріміз әйел адамның қоғамдағы маңызын өте әсерлі жеткізе білді. Бұл — аналарымызға, ұстаздарымызға және барлық аруларға деген шынайы құрметтің көрінісі. Университетіміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген барлық нәзік жандыларға алғысымыз шексіз», — деді ректор.
Іс-шара барысында университеттің профессор-оқытушылар құрамының өкілдері мен белсенді студент қыздары университет басшылығының атынан алғыс хаттармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Мерекелік кеш жылы әсерге толы көңіл күймен аяқталып, қатысушыларға ерекше рухани серпіліс сыйлады.










