Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы Университетте ағылшын тілін оқыту саласындағы халықаралық сарапшының сапары өтті
2025-03-20
Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы Университетке ағылшын тілін оқыту саласындағы халықаралық сарапшы, академиялық ағылшын тілі бойынша аға оқытушы әрі маман — Кэтрин Рик (Ms. Katherine Rick) ханым келді.
Кэтрин Рик ханым — ағылшын тілі бойынша аға оқытушы (Senior Instructor), Мельбурн университетінің (Австралия) қолданбалы лингвистика магистрі (TESOL). Оның Австралия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Орталық Азия, Кавказ және Таяу Шығыс университеттерінде академиялық мақсаттағы ағылшын тілі (EAP) мен іскерлік ағылшын тілін (Business English) оқытуда, сондай-ақ тілдік бағдарламаларды басқаруда 12 жылдан астам халықаралық тәжірибесі бар. Қазіргі уақытта ол Ташкенттегі Британдық менеджмент университетінің атынан қатысып, онда кәсіби даму жөніндегі директор қызметін атқарады.
Тәшенев университетіне сапары аясында Рик ханым оқытушылар мен қызметкерлер үшін дәрістер мен практикаға бағытталған семинарлар циклін өткізді. Кездесулердің негізгі тақырыбы «Classroom Management» — оқу процесін басқарудың заманауи тәсілдері және тиімді білім беру орасын құру болды.
Дәрістер барысында келесі мәселелер қарастырылды:
аудиторияны басқарудың заманауи модельдері;
позитивті оқу атмосферасын қалыптастыру стратегиялары;
сыныптағы күрделі жағдайлармен жұмыс істеу әдістері;
академиялық және әлеуметтік-эмоционалдық оқу ортасын дамыту;
тәртіптік қиындықтардың алдын алу мен реттеудің практикалық құралдары.
Оқытуды проактивті басқаруға, оқытушы мен студенттердің тиімді коммуникациясына, сондай-ақ халықаралық тәжірибені жергілікті білім беру контексіне бейімдеуге ерекше назар аударылды.
Кэтрин Рик ханымның сапары Тәшенев университеті оқытушыларының кәсіби құзыреттілігін арттыруға және педагогикалық шеберлік пен тілдік білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта академиялық іс-қимыл мен бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыруға мүдделілік білдірді.
