ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ӘЛЕМНІҢ ЖЕТЕКШІ УНИВЕРСИТЕТТЕРІНЕН КЕЛГЕН ШЕТЕЛДІК ПРОФЕССОРЛАРДЫҢ ДӘРІСТЕРІ ӨТТІ
2026-01-15
2026 жылғы 15 қаңтарда Тәшенев университетінде әлемнің жетекші университеттерінен шақырылған шетелдік профессорлардың қатысуымен дәрістер өтті.
Іс-шараның құрметті қонақтары — әлемнің үздік 100 университетінің қатарына кіретін Глазго университетінің (Ұлыбритания, QS рейтингі — 73) Адам Смит бизнес мектебінің халықаралық бағдарламалар директоры, доктор Рамона Бланес және Малайзия ғылым университетінің (QS рейтингі — 174) профессоры, доктор Салми Мохд Иса болды.
Халықаралық сарапшылар академиялық және гранттық қызметтің өзекті мәселелеріне арналған дәрістер оқыды:
Доктор Рамона Бланес «Үздік журналдарға жол: жарияланатын зерттеулерді дайындау» тақырыбында баяндама жасап, Scopus дерекқорында индекстелетін жетекші журналдарға қойылатын негізгі талаптарды түсіндірді.
Профессор Салми Мохд Иса «Британ кеңесі гранттарының қыр-сырын түсіну: үш сәтті өтінім негізіндегі тәжірибе» тақырыбындағы дәрісінде практикалық кеңестерімен бөлісті.
Іс-шараға университет декандары, кафедра меңгерушілері мен оқытушылар құрамы қатысты. «Сұрақ–жауап» форматы қатысушыларға халықаралық жарияланымдар, гранттық өтінімдерді дайындау және ғылыми зерттеулерді дамыту мәселелерін тікелей талқылауға мүмкіндік берді.
Мұндай кездесулер халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға, Тәшенев университетінің жарияланымдық белсенділігі мен ғылыми әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

