«БІЛІМ ЭКОНОМИКАСЫНА КӨШУ» ТАҚЫРЫБЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ TASHENEV UNIVERSITY-ДЕ ӨТТІ
2025-11-28
Бүгін Tashenev University базасында «Білім экономикасына көшу: ғылымды, білім беруді, инновацияларды басқару» тақырыбындағы халықаралық деңгейдегі дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға отандық және шетелдік университеттердің ғалымдары, мектеп басшылары, білім саласының мамандары, бизнес өкілдері мен халықаралық ұйымдар қатысты.
Жиынның мақсаты — білім экономикасының заманауи талаптарына бейімделген ғылым-білім-инновация үштігін үйлестіру, тиімді басқару құралдарын талқылау, сондай-ақ жаңа білім экожүйесін қалыптастырудағы халықаралық тәжірибені талдау.
Форум барысында Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Ресей ғалымдары білім беру мен ғылымды дамытудың өзекті бағыттары, инновациялық басқару моделдері және жаңа технологиялық трендтер туралы баяндамалар жасады.
Түркия Республикасының Білім жөніндегі атташесі Құриметли Айхан Коркмаз Мырза атап өтті:
«Түркия мен Қазақстан арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық жылдан-жылға күшейіп келеді. Біз үшін университеттер арасындағы ғылыми байланыстарды тереңдету – стратегиялық маңызы бар бағыт. Бүгінгі басқосу тәжірибе алмасу мен жаңа жобаларды бірлесіп дамытуға кең мүмкіндік береді».
Ж.А.Ташенев атындағы университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі вице-ректоры Жанар Рысбекова өз сөзінде былай деді:
«Білім экономикасына көшу үшін ең алдымен университеттердің ғылыми әлеуетін арттырып, инновацияларды басқарудың тиімді моделін қалыптастыру қажет. Бүгінгі халықаралық алаң – идеялар тоғысатын, жаңа бастамаларға жол ашатын маңызды платформа».
Бұл дөңгелек үстел Tashenev University-дің халықаралық ғылыми кеңістікке белсенді интеграциялануының және білім, ғылым, инновация бағыттарын тереңдете дамытуға деген ұмтылысының айқын көрінісі болды.







