
Tashenev University-де Қазақстан Конституциясы күніне орай дөңгелек үстел өтті
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Tashenev University экономика және құқық факультетінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шараға факультеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысып, Ата Заңның мемлекет пен қоғам дамуына тигізетін маңызды рөлі талқыланды.
Іс-шараның модераторы экономика және құқық факультетінің деканы Альмара Еркінқызы Наурызбекова болды.
Кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Нұрлан Рапханович Бижан және факультет деканының орынбасары, магистр Назерке Батырбек баяндамалар жасады.
«Конституция – бұл тек баптар мен нормалардың жиынтығы емес, ол – құқықтық мемлекеттің іргетасы. Заңға құрметпен қарау және оның құндылығын түсіну студенттердің бойында қалыптасуы үшін біз, академиялық орта өкілдері, үлкен жауапкершілік арқалаймыз», — деп атап өтті Нұрлан Рапханович.
Өз кезегінде Назерке Батырбек Конституцияны «қоғамдағы демократиялық өзгерістерді көрсететін, елдің даму бағытын айқындайтын тірі құжат» деп сипаттап, жастарға ерекше үн қатты:
«Жастар үшін Конституцияны түсіну өте маңызды. Өйткені оны сақтау – олардың болашағы, мүмкіндіктері мен құқықтарына тікелей байланысты».
Шара соңында Альмара Еркінқызы Наурызбекова осындай кездесулердің тәрбиелік мәнін атап өтті:
«Маңызды күндерге орай өткізілетін дөңгелек үстелдер студенттер мен оқытушыларға құқықтың қоғамдағы орнын бірге пайымдауға мүмкіндік береді. Бұл тек құқықтық мәдениетті арттырып қана қоймай, жауапты азаматты қалыптастыруға да ықпал етеді».