
«Таза Қазақстан» – ізгі ой, ілкімді әрекет
2025-07-08
Таза Қазақстан ойы, сөзі, ісі де таза ұлттың мекені болуға тиіс. Ол үшін әр азамат істі өзінен бастағаны жөн: баласына өнеге көрсетіп, заңды сыйлап, адал еңбек етуі, кітап оқып, отбасын құрметтегені абзал. Тарқатып айтсақ, біріншіден, сананы жаңартып, жемқорлық, жалқаулық, немқұрайдылық секілді жат қылықтардан арылып, адал еңбекке, әділетке ұмтылуы қажет. Екіншіден, отбасыдан басталатын тәрбиеге мән беріліп, бала тәрбиесіне тек мектеп қана емес, ата-ананың тікелей жауапкершілігі артуы керек. Үшіншіден, қоғамдық жауапкершілікті күшейтіп, тазалық сақтау, заңға бағыну, тәртіпке үйрену – әр азаматтың борышы екенін сезінген абзал. Төртіншіден, ұлттық мәдениетті ұлықтап, ұлттық болмыс, тіл, әдебиет, салт-дәстүр арқылы ұлттың рухын биіктетуді жандандырған ләзім. Бесіншіден, жастарға сенім артып, қолдап, білімді, ұлтжанды, адал азаматтар тәрбиелеу үшін оларға мүмкіндік беру қажет. Жастар ұлттық тәрбиені ұлықтап, Отанды сүюден бастаса, Қазақстан шын мәнінде әділетті де ұлағатты қоғамға айналады.
«Таза Қазақстан» – құр ұран емес, нақты істерді, сананың сілкінуін, ұлттық мінез бен жаңғыруды талап ететін тарихи кезең. Әділеттілік пен теңдік үстемдік құрған, халықтың даусы естілетін, тәртіп пен тәрбие қатар жүретін мемлекет құрудағы маңызды қадам. «Таза Қазақстан» – болашақтағы Қазақстанның іргесін қалайтын ұрпақ тәрбиесінен басталады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасы, ұлттық тәрбие және жастар саясатына қатысты бастамалары еліміздің болашағы – жастардың жан-жақты дамуына, ұлттық құндылықтарды сақтауға және отбасы институтын нығайтуға бағытталған. Бұл – жастардың әлеуетін толық іске асыруға және қоғамда тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Отбасы институтының маңыздылығына ерекше назар аударып, жастар арасындағы ажырасу фактілерінің көбеюіне алаңдаушылық білдірген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтау тұрғысынан қарастыру қажеттігін атап өттті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің өңірлерінде «Бақытты отбасы» атты отбасын қолдау орталықтары ашылды. Бұл орталықтарда көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға психологиялық, құқықтық кеңестер беріліп, жаңа мамандықтарға оқыту, компьютерлік сауаттылықты арттыру сияқты қызметтер көрсетіледі. Президенттің тапсырмасымен Оқу-ағарту министрлігі «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» әзірледі. Бағдарлама 2023 жылдан бастап еліміздің барлық білім беру ұйымдарында енгізіліп, ұлттық және адами құндылықтарға негізделген тәрбие жүйесін қалыптастыруды мақсат етеді. Бағдарламаның негізгі бағыттарына «ұлттық мүдде», «ар-ұят», «талап» деген атау берілген. «Ұлттық мүдде» – патриотизмді, мемлекеттік рәміздерді қадірлеуді, ұлттық мұраны қастерлеуді, қазақ тілін дамыту мен ұлттық мәдениетті дәріптеуді көздейді. «Ар-ұят» – адалдық, жауапкершілік, әдептілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға сүйіспеншілік сияқты адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған. «Талап» – сыни және креативті ойлау, саламатты өмір салтын ұстану, технологиялық және цифрлық дағдыларды дамыту, тиімді қарым-қатынас орнату сияқты жеке тұлғалық қасиеттерді жетілдіруді мақсат етеді. Бағдарлама аясында мектептерде «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары» құрылып, ата-аналар мен педагогтер арасында тығыз байланыс орнату арқылы бала тәрбиесіне жан-жақты қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар оқушылардың қатысуымен түрлі әлеуметтік жобалар мен іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарды насихаттау жұмысы жүргізіліп жатыр. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» – ұлттық және адами құндылықтарға негізделген, ел болашағы үшін маңызды стратегиялық бастама.
Жастармен жұмыс жүргізуде де біршама бағдарламалар қабылданып, іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Соның бірі де бірегейі – «Адал азамат» тұжырымдамасы. Бұл тұжырымдама адалдық, әділдік және еңбекқорлық сияқты құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Жастарды жұмыспен қамту және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне де мемлекет ерекше көңіл бөлуде: 2024 жылы 400 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ жұмыс істейтін жастарға арналған арнайы ипотекалық бағдарламалар іске қосылды. «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы жастардың шығармашылық және кәсіби дамуына қолдау көрсетуге бағытталған.
Бүгінде жастар үйленуді кешіктіріп, жауапкершіліктен жалтаратын болды. Бұл құбылыстың бірнеше себебі бар: әлеуметтік және экономикалық тұрақсыздық, отбасылық өмірге дайын болмау, әлеуметтік қысым, моральдық құндылықтардың әлсіреуі, пәтер мәселесі, материалдық қиындықтар, ең бастысы, жауапкершіліктен қашу. Мысалы, 2023 жылғы әлеуметтанулық зерттеулерге сәйкес, 25–34 жас аралығындағы қазақстандықтардың 48%-ы әлі үйленбеген болса, 2024 жылы жүргізілген әлеуметтанулық сауалнама нәтижесі бойынша, 25–34 жас аралығындағы қазақстандықтардың 51%-ының әлі басы бос. Бұл көрсеткіштің жыл сайын артуы – ұлт демографиясына, ұлттық сананың беріктігіне кері әсер ететін қауіп.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2023 жылы Қазақстанда 120 800 неке тіркелген, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 5,9%-ға аз. Ал 2024 жылы Қазақстанда 123,6 мың неке тіркелген, бұл 1 000 адамға шаққандағы жалпы некелесу коэффициенті – 6,13 деген сөз. Некеге тұрған қыздардың 41 пайызы, ерлердің 38 пайызы жоғары білімді болған. Бұл сандар бізді ойландырып қана қоймай, тиімді шешім қабылдатуға тиіс.
Тағы бір дерек, 2024 жылы үйленгендердің басым бөлігі 20–24 жас аралығында болған, ал алғашқы некеге тұрғандардың орташа жасы ерлерде – 27,9 жас, әйелдерде – 25,2 жас, яғни отбасын құру жасы жыл санап өсіп жатыр. Бұл көрсеткіш бала сүю факторына да әсер етері анық. Бұлай жалғаса беретін болса, кеш тұрмыс құру немесе кеш үйлену ұрпақ сабақтастығының үзілуіне апаруы мүмкін. Бұл үрдіс көптеген елде байқалып отыр, себебі жастардың білім алу, мансап құру және жеке даму сияқты факторларға басымдық беруі бала тууды кейінге қалдыруына түрткі болып отыр.
Жалпы, қиылған некенің 18,2 пайызы – аралас неке болуы да ұлтты ойландыратын мәселе. Әрине, әркімнің таңдау құқығы, еркі бар екені даусыз. Әйтсе де, ұлт болашағы үшін алаңдатарлық жағдай...
Отбасы құру идеологиясы үйдегі тәрбиеден басталып, мектеп қабырғасында қалыптасуға тиіс. Қоғамда отбасын құруды ерлікке, жарты адамның бүтінденуі ретінде көрсету маңызды. Махаббатпен басталып, жауапкершілікке жалғасатын некенің құны жоғары болуы керек. Мұны неге айтып отырмыз? Соңғы жылдары жоғарыда келтірілген мәліметтердегі некелесу факторы мен ажырасу қатар айтылатын болды. 2024 жылы тіркелген 123,6 мың некедегі жастардың 40 500-і қайта ажырасқан. Оның 74,4%-ы (30,1 мың) қалада, 25,6%-ы (10,4 мың) ауылдық жерлерде болған. Жалпы, ажырасу коэффициенті – 2,01 (1000 адамға шаққанда). Бұл – отбасы идеологиясының әлсіздігіне, тәрбие жұмыстарының жеткіліксіздігіне дәлел. Әр ажырасудың артында жетімдік, психологиялық жарақат, әлеуметтік бейімсіздік сияқты терең мәселелер тұр. Бұл – «Таза Қазақстанның» жолындағы ең қауіпті кедергілердің бірі.
2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы неке мен ажырасу санына тоқталсақ, осы жылдың қаңтар-наурыз айларында 27 000 неке тіркелсе, соның 11 200-і ажырасу бойынша тіркелген. Яғни отбасын құрғандардың 42%-ының шаңырағы шайқалып, некесі бұзылды деген сөз. Бұл жай ғана сан емес. Үш ай үшін өте қорқынышты көрсеткіш. Ұлттың болашағына төнген үлкен қауіп. Бүгін жай ғана статистика болып көрінген бұл цифрлардың зардабын келешекте тартатын боламыз. Неге десеңіз, шайқалған әр шаңырақтың артында тек ерлі-зайыптылар ғана емес, бала тағдыры тұр. Тағы да санға назар аударайық, толық емес отбасыдағы балалар саны 2022 жылдың соңында Қазақстанда 390 мыңнан асса, 2024 жылдың соңында бұл көрсеткіш 403 мыңға жуық балаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 13 мыңға өскен. Бұл – тек жеке трагедия емес, бүтін қоғамның дерті. Бұл балалардың психологиялық жарақат алуына, қоғамда жалғызбасты аналар мен әкелер санының артуына алып келуде.
Осы аталған мәселенің барлығы отбасы құндылықтары мен отбасы институтының әлсіреуінен, ұл бала тәрбиесіндегі бабалар ұстанған дәстүрден алыстауымыздан, қыз бала тәрбиесіндегі аналар тәрбиесінің үзіліп қалуынан болып отыр. Қазіргі жас ұрпаққа қарап отырып, түрлі күй кешесің. Біріне сүйсініп, риза болсаң, екіншісінің теріс іс-әрекетіне күйінесің. Жалпылама айтудан аулақпын, десе де ұл бала тәрбиесі дабыл қағарлық күйде. Өйткені ұл бала тәрбиесі ерекше назарды қажет етеді. Өйткені олар болашақ отағасы, ел қорғаны, ұрпақтың иесі. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, отбасының қамқоршысы, балаларына үлгі болар тұлға, олардың басты тәрбиешісі. Ұлдарға ерте жастан жауапкершілік, намыс, еңбек, тәртіп ұғымдарын сіңіру қажет. Нағыз ер азамат – отбасын асырап, қоғамға пайда келтіре алатын тұлға екенін әр отбасы өз іс-әрекетімен, ұстанымдарымен, өмір сүру салтымен үлгі бола отырып, көрсетуге тиіс. Себебі ұл бала тәрбиесі қазір бұрынғыдай нақты жүйеге бағынбай барады. Әке болуға дайын емес, ертеңгі күнге сенімсіз, әлжуаз ұлдар көбейіп келеді. Отағасы болу, әке болу – үлкен жауапкершілік екенін ұғынатын ұландар азаюда. Керісінше, жеңіл табысқа құмар, өзін асырауға қабілетсіз, эмоциялық тұрғыдан әлсіз жігіттер көбеюде. Мұның барлығының басында – отбасы, ата-ана тәрбиесі тұр.
Ұрпақ жалғастырып, ұлттың ұстынына айналар балаларды тәрбиелейтін қыз бала тәрбиесі де күрделі бетбұрысқа түсті. Қыз – ұлттың анасы. Ол – ертеңгі ұрпақты дүниеге әкелуші ғана емес, сол ұрпақты тәрбиелейтін басты тұлға. Ал қыз баланың тәрбиесі – ұлт болашағының негізі. Қазақ халқы «Қызға қырық үйден тыйым» деп бекер айтпаған. Қыз – ана, тәрбиеші, ұлттың діңгегі. Қазіргі заманда қыздарға ар-намыс, әдеп, сұлулық пен сабыр, ұлттық құндылықтарды ұлықтау сияқты қасиеттерді сіңіру ауадай қажет. Алып ана – ұлттың тірегі!
Мектеп пен балабақша: тәрбиенің алтын діңгегі. Бала тәрбиесі тек үйде емес, балабақша мен мектепте де жалғасады. Бұл екі мекеме – адам өміріндегі ең алғашқы қоғамдық орта. Балабақшаларда ұлттық тәрбие, тіл мен салт-дәстүр негізі қалануы керек. Ал мектеп – білім мен тәрбие ошағы. Мектеп тек білім емес, парасат, патриоттық, тіл табысу, кәсіпкерлік қабілет, өмірге бейім болу сияқты қасиеттерді қалыптастыратын орын.
Бала балабақшаға барғанда мінезі қалыптаса бастайды, мектепке барғанда санасы оянады. Демек, тәрбие мен білім қатар жүруі керек. Бірақ қазіргі мектепте тәрбие екінші сатыда қалып қойды. Оқушылардың бір-бірімен тіл табысуы, сөйлеу мәдениеті, патриоттық сезімі, кәсіпкерлікке бейімділігі, ойлау қабілеті – осының бәрі сабақ арқылы дамиды. Неге десеңіз, мектептегі оқу мазмұны оқушылардың өмірге бейімделуіне көмектесуі қажет. Пәндерді кәсіппен байланыстырып, қаржылық сауаттылық, экологиялық білім, тіл меңгеру, кәсіпкерлік дағдыларын үйрету – басты бағыт болуға тиіс. Себебі оқушы тәрбиесі – ел болашағы. Оқушылардың сөйлеу мәдениеті, ойлау қабілеті, денсаулығы, достыққа адалдығы, Отанға сүйіспеншілігі – бәрі маңызды. Мектеп патриотизмді, отансүйгіштікті және заңға бағынуды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлгенде, тәртіпке негізделген білім ордалары арқылы «Таза Қазақстан» қалыптасары сөзсіз. Тағы бір атап өтетін мәселе, мектептегі «оқушы – мұғалім – ата-ана – әріптестердің» өзара қарым-қатынасы. Нәтижелі табысқа жету жолында сенім – ең берік көпір. Сол сенімді ақтау – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Сенімге селкеу түсті деген – қарым-қатынас бұзылды, сыйластыққа сызат түсті деген сөз. Бұл қарым-қатынастың бұзылуына, ортаның атмосферасының ауырлауына алып келеді. Мұның барлығы оқушының дұрыс білім алуына, тәрбиесіне кері әсерін тигізеді.
БАҚ пен смартфон дәуірі: тәрбиенің сыртқы ықпалы қандай, БАҚ пен смартфон – дос па, қас па? Қоғамда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор. Бірақ бүгінгі таңда жастардың газет-журнал оқуға деген сұранысы төмен. Оның орнына интернет, әлеуметтік желі басты құралға айналды. Смартфон мен интернеттің пайдасы болғанымен, оның зияны – бала тәрбиесі мен адамның жеке дамуына кері әсері мол. Балалар экран алдында ұзақ отырып, уақытты бос өткізеді, әлеуметтік дағдыларын жоғалтады, психологиялық тәуелділікке ұрынады. Сондықтан медиа мәдениетін дамыту – күн тәртібіндегі мәселе.
Қазіргі жасөспірімнің күнделікті тұтынатын дүниесі – телефон, интернет, TikTok-та ұлттық тәрбие жоқтың қасы. Оның орнына бос күлкі, жалған өмір салты, жеңіл-желпі құндылықтар насихатталуда.
2023 жылғы зерттеулерге сәйкес, Қазақстанда 6–17 жас аралығындағы балалардың 70%-ы ұялы телефонды күнделікті пайдаланады екен. 10–12 жастағы балалардың 50%-дан астамы ұялы телефонмен күніне 3 сағаттан артық уақыт өткізсе, 13–15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 69%-ы күніне 2 немесе одан да көп сағатын виртуалды әлемге арнайды. Сондай-ақ мектеп жасындағы әр төртінші оқушы күніне 5 сағаттан астам уақытын гаджеттерге жұмсайды. Бұл – ойлау жүйесінің баяулауына, зейіннің төмендеуіне, физикалық белсенділіктің азаюына алып келуде.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) балалардың экран алдында өткізетін уақытын шектеуді ұсынған: 5 жастан асқан балалар үшін экран алдында өткізетін уақыт күніне 1 сағаттан аспауы керек.
Денсаулық сақтау министрлігі де оқушылардың гаджеттерді қолдану нормасын анықтады. Министрліктің мәліметінше, балалар телефонды 15 минуттан көп қарамауы керек, өйткені компьютерлер мен телефондар көру қабілетін бұзады.
Смартфонды шамадан тыс пайдалану балалардың ойлау қабілетінің төмендеуіне, зейіннің шашырауына және физикалық белсенділіктің азаюына әкелуі мүмкін.
Бірақ бұл шектеулер орындалып жатқан жоқ. Оны қадағалайтын ата-ананың өзі смартфонның «құлына» айналған. Бұл – ащы да болса шындық. Мұның салдары баланың өсуі мен дамуына ғана емес, рухани қазына – кітап оқуға деген ынта-ықыласын кейінге ысырды. Бүгінде кітап оқу деңгейі төмендеген. 2023 жылы жарияланған әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, қазақстандықтардың 57,3%-ы тұрақты түрде кітап оқитыны көңілге медеу. Десе де, респонденттердің 31%-ы жылына 1–3 кітап, ал 26,3%-ы 3 кітаптан артық оқиды екен. Бұл мәліметтер халықтың көркем әдебиетке деген қызығушылығының салыстырмалы түрде төмен екенін көрсетеді. Түрлі әлеуметтік желідегі қазір кітап оқылады деген дерек осы аздың меншігінде. Ал ауыл кітапханалары бос тұр. Қалада да жастардың әдебиетке қызығушылығы азайып барады. Бұрынғы кезде көркем әдебиет барлық салада оқылатын. Балалар таңдаған мамандығына қарамастан, классикалық көркем шығармадан хабары болатын. Қазір мектеп бағдарламасындағы көркем шығарманы оқымайтын, мүлде бейхабар жастар көп. Ауыл жастарын, тұрғындарын кітап оқуға бағыттауымыз керек. Отбасыда ата-ана кітап оқыса, балалардың да өмір сүру салтында кітапқа деген қызығушылық пайда болары анық. Кітап – мәңгілік тәрбие құралы. Көркем әдебиетті насихаттау, кітап оқуды жолға қою – рухани жаңғырудың өзегі. Баланы бала кезінен кітаппен дос ету, кітап оқуға баулу – сана тазалығы мен рух биіктігінің кепілі. Ата-ана мен мұғалім өз үлгісімен балаларды кітап оқуға ынталандыруы керек.
Ауыл – ұлттың алтын діңгегі, қазақтың түп қазығы, тамыры. Сондықтан да ауылды көтеру – ұлттың келешегін кемелдендіру. Қазақстандағы ауыл тұрғындарының үлесі 2025 жылғы жағдай бойынша 38,4% құрайды. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары урбанизацияның әсерінен біршама төмендегенімен, әлі де еліміздің маңызды бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Десе де, ауылда кітапхана, мәдениет ошағы, сапалы білім, жоғары жылдамдықты интернет пен жұмыс орындарының жетіспеушілігі – жанашырлықпен қарауды қажет ететін өзекті мәселе. Ауылды жақсарту – қазақстандық қоғамның, жалпы, рухани-әлеуметтік денсаулығын нығайтудың негізі. Әсіресе ауыл кітапханаларын мектеп оқушыларына арналған білім және тәрбие орталықтарына айналдыру аса маңызды. Ол тек кітап оқу орны ғана емес, тәрбиенің, идеологияның, өнер мен әдебиеттің, шығармашылық пен жаңашыл ойдың ошағы болуға тиіс. Ауыл кітапханалары мен мәдениет үйін жаңғырту – ұлттық болмысты сақтаудың кепілі.
Мұғалім – қоғамның айнасы, ұлт болашағының ұстасы. Ол – тұлға тәрбиелейтін ерекше маман. Сондықтан мектеп мұғалімдерін дайындау, оларға жаңашыл көзқарас пен технологияны меңгертуді жолға қою – бүгінгі заманның басты міндеттерінің бірі. Мұғалім – тек пән үйретуші емес, ол – тәлімгер, бағыттаушы, шабыт беруші. Сондықтан ұстаздың үнемі ізденіс пен даму үстінде болуы – білім сапасын арттырудың басты шарты. Ал сол мамандарды дайындайтын жоғары оқу орындары – еліміздің интеллектуалдық капиталының тірегі. Алайда бүгінгі таңда ЖОО-лардағы маман даярлау жүйесінде әлі де шешімін таппаған олқылықтар бар: теорияның көптігі, тәжірибенің аздығы, оқу мазмұнының еңбек нарығы талаптарына сай келмеуі.
Магистр мен PhD мамандарын дайындауда ғылыми жаңалық ашуға ынталандыру, отандық зерттеу базасын дамыту – еліміздің ғылыми әлеуетін арттырудың басты жолы. Ғылым – елдің ертеңіне салынатын инвестиция. Сондықтан университет пен ғылыми орталықтар – тек білім емес, болашақ идеясын қалыптастыратын алаң болуға тиіс. Магистранттар мен докторанттар даярлау ісіне жауапкершілікпен қарап, нағыз білімді мамандардың ғылым жолына түсуі назарға алынуға тиіс. Осы ретте мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен мүмкіндіктің бірі – «Болашақ» бағдарламасы туралы айта кеткенді жөн көріп отырмын. Бакалавр, магистратура, докторантурадан бөлек, қазір ғылыми тағылымдама бойынша «500 ғалым» жобасы жүзеге асуда. Қазақстанның кез келген азаматы қатысу құқығына ие, тек талаптарға сай келсе болғаны. Бірақ «Болашақтың» аты айтып тұрғандай, бағдарлама түлектері ел келешегіне қызмет етуге тиіс. Мұндайда жас мөлшерін есепке алған дұрыс деп есептеймін. Қарттық жасқа жеткен әріптестердің қатысып, стипендия иегері атануы, әрине, табысты жеңіс. Десе де, 60–70-тен асқан ардагер ұстаз, ғалымның шекара асып, білім іздегенінен гөрі, тәжірибесін жастармен бөлісіп, өз мектебін қалыптастырып, дамытқаны дұрыс деген пікірдемін.
Отан бәрінен биік. Отанды қорғау тұжырымдамасы – тек әскери дайындықпен шектелмейді. Ол – рухани, интеллектуалдық және моральдық дайындық. Адамның өз-өзін тәрбиелеуі, өзін сыйлауы, өзін-өзі бақылауы – елді сүюдің бастамасы. Өз отбасына, қоғамына, жеріне жауапкершілікпен қарайтын азамат – мемлекеттің тірегі. Әскери қызметті таңдаушыларға сапалы білім, тұрақты әлеуметтік кепілдік, моральдық қолдау көрсету – жастарды Отан қорғауға ынталандырудың тиімді жолы.
Үлгілі тұлға – ұлт айнасы. Қоғамға үлгі болатын тұлғалар керек. Тұлға болу – өзін тәрбиелеуден басталады. Жастарды өзін-өзі тануға, өзін-өзі сыйлауға, өзін дамытуға баулу – заманауи тәрбиенің басты шарты. Этика, тәртіп, заңға бағыну – азаматтық сапа. Танымалдықты желідегі лайк пен қаралыммен өлшейтін қазіргі кезеңде шынайы тұлға ұғымын қайта жаңғырту қажет. Жасөспірімдерге дұрыс бағыт беретін, еліне еңбегімен үлгі болған тұлғалар туралы фильмдер, бағдарламалар, оқулық материалдары көбірек керек.
Заң – бәрінен биік ұғым. Заң үстемдігі – әділетті қоғамның негізі. Әрбір азамат, мейлі ол президент болсын, қарапайым жұмысшы болсын, заң алдында тең. Бұл – өркениетті елдің басты белгісі. Тәртіп пен заңға бас ию, заң талаптарын орындау – тек қорқыныштан емес, азаматтық мәдениеттен туатын сана болуға тиіс. Құқықтық тәрбие мен заң сауаттылығын мектептен бастап күшейту қажет. Бұл бағытта бірлесе жұмыс істеу нәтижелі болары сөзсіз.
Отандық ойшылдардың тұжырымдарына сүйенсек, ұлттық тәрбие – ұлттың рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең негізгі құндылық. Бұл – мемлекеттің де, отбасының да, мектептің де ортақ миссиясы. Ұлттық тәрбиені сақтап, жаңғырта білген ел тарихта аман қалады. Қазақ халқының болмысын, рухын, келешегін сақтап қалудың жалғыз жолы – ұлт тәрбиесін жүйелеу мен жаңғырту. Ұлт тәрбиесі – ұсақ-түйек емес, мемлекеттің қауіпсіздігімен парапар стратегиялық міндет. Егер әр азамат өзінің отбасын, сөзін, ісін тәртіпке салып, айналасына үлгі бола білсе, сол «Таза Қазақстанның» алғашқы қадамы болмақ.
«Таза Қазақстан» – сананың, жүректің, болмыстың тазалығы. Жолдағы қоқыс, алаңдағы тәртіпсіздік сыртқы көрініс қана. Ал нағыз тазалық – ой мен әрекеттің тазалығы, адал еңбек, тура жол, Отанға деген адалдық.
«Таза Қазақстан» құру үшін:
– тәрбиені отбасыдан бастау, отбасылық құндылықтарды ұлттық идеологияға айналдыру, ұлттық құндылықтарды жаңғырту – әр баланың бойына ана сүтімен сіңетін тәрбиені қайта оралту, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту, әкенің беделін көтеру, ананың мейірімін дәріптеу. Қазақы тәрбиені, әже өнегесін, ата ақылын, әке үлгісін қайта тірілту, отбасыдағы үлгілі қарым-қатынас – қоғамдағы тұрақтылықтың негізі;
– рухани және мәдени тазалыққа ұмтылу – ұлттық өнерге, дәстүрге, әдебиетке қызығушылықты арттыру, телефон мен әлеуметтік желіні емес, кітап оқу мен танымдық бағдарламаларды таңдау. Жолда, қоғамдық орындарда мәдениетті болу, заңға бағыну, тәртіпті сақтау, қоғамдық орындарды таза ұстау, балаларға өз мінез-құлқы арқылы үлгі болу – өркениетті қоғамның көрінісі;
– білім мен кәсібилікті бірінші орынға қою – үздіксіз даму, өз мамандығына жауапкершілікпен қараудың үлгісі;
– мектеп пен балабақшада ұлттық идеологияны күшейту, отбасылық тәрбиеге басымдық беру – арнайы пәндер, сабақтан тыс шаралар арқылы ата-анамен байланысты нығайту, біліммен бірге тәрбие жүретін орта жасау;
– ұлттық тәрбие мектебін қалыптастыру қажет – мектеп пен балабақшада қазақы тәрбиеге негізделген арнайы бағдарламалар болуы керек. Ұлттық дәстүр, ертегі, батырлар жыры, шежіре – бала жанына жақын дүниелер;
– мұғалім мен тәрбиешілерді жаңа бағытта даярлау. Жаңашыл ұстаз – жаңашыл ұрпақтың негізі. Мұғалімдердің мәртебесі жоғары болғанымен, ішкі дайындығы мен рухани миссиясын сезіну жағы әлі де кемшін;
– мұғалімдерге арналған цифрлық сауаттылық, STEAM, soft skills бойынша үздіксіз курстар мен гранттар жүйесін енгізу;
– мұғалімді әлеуметтік лифт ретінде қабылдайтын қоғамдық сана қалыптастыру. Яғни ұстаз – табысты тұлға ретінде насихатталуға тиіс. Мұғалімдерге арналған зерттеу гранттары, мектепішілік инновациялық тәжірибе байқауларын ұйымдастыруды қолға алу;
– жастарды тұлғалық даму мен өзін-өзі тәрбиелеуге баулу – өзін сыйлайтын адам – өзгені де сыйлайды. Этикалық нормалар, өзін-өзі басқару, өзін дамыту – тәрбие процесінің ажырамас бөлігі болуға тиіс;
– көптілді оқытуды ұлттық мүддемен сабақтастыру – жастардың қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерін меңгеруі – жаһандық бәсекеге қабілеттілік кепілі. Бірақ ана тілді терең меңгермей, тұлғалық тұтастық та болмайтынын ұмытпау. Қазақ тілі – тамыр, өзге тілдер – қанат екенін түсіндіру. Бастауыш сыныпта алдымен мемлекеттік тілді тереңдетіп оқыту, кейінгі сатыда ғана екінші-үшінші тілдерді енгізу. Ағылшын, қытай, орыс тілдерінен олимпиадалар мен халықаралық байқаулар арқылы жастарды ынталандыру. Көптілділікті тұлғалық даму емес, экономикалық мүмкіндіктер құралы ретінде қабылдауға бейімдеу;
– жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардағы реформалар – жас ғалымдарды қолдау, магистрлер мен докторанттардың сапасын арттыру – ғылыми «Таза Қазақстанның» негізі. Тек ғылымы дамыған ел ғана болашаққа нық қадам басады;
– университеттер мен өндіріс арасындағы қызметтік кооперацияны күшейтіп, студенттер диплом алмай тұрып жұмысқа бейімделуі қажет;
– магистратура мен PhD кезеңінде нақты инновациялық жобаларға грант беру жүйесін жолға қою;
– сала министрлігі тарапынан ғылыми зерттеулер нәтижесінің қоғамға пайдалы, өндіріске енгізілетін, ұлттық қауіпсіздікке қызмет ететін бағытта жүргізілуін қадағалау;
– кітап оқуды мемлекеттік деңгейде насихаттау – мектепте кітап оқу сағатын енгізу, ауыл кітапханаларын жаңарту;
– ауыл мен кітапханаларға жан бітіру – ауылдың ұлттың қайнар көзі, ұлттың алтын діңгегі, ал ауыл кітапханасы мен мәдениет үйі – тәрбие мен білім ордасы екенін ұмытпау, онда интерактивті сабақтар, шығармашылық үйірмелер, психологиялық тренинг ұйымдастыру;
– ауыл инфрақұрылымын дамыту бойынша ұлттық бағдарлама жасау, бұл бағдарламада кітапхана, мәдениет үйі, мектеп, интернет пен жол мәселелерін басым бағытқа айналдыру;
– ауыл мәдениетін сақтап, дамыту үшін этно-мәдени кешендер, киелі орындармен байланысты туристік маршруттар ашу;
– жастарды ауылға тарту үшін жас мамандарға баспана, көтерме ақы, салық жеңілдіктері қарастырылған арнайы жоба жасау;
– экологиялық жауапкершілікті арттыру – қоқысты сұрыптау, табиғатты ластамау, ағаш отырғызу, сенбіліктерге қатысу, пластик қолдануды азайтып, қайта өңделетін өнімдерге көшу– әр азаматтың парызы;
– саламатты өмір салтын ұстану – спортпен айналысу, зиянды әдеттерден (темекі, ішімдік, нашақорлық) бас тарту;
– жастарға отбасы құндылығын насихаттау – мектепте, әлеуметтік желілерде, университеттерде арнайы бағдарлама арқылы отбасын құру, жауапкершілік, ата-ана болу туралы тәрбиелік бағдарламалар енгізу;
– БАҚ пен әлеуметтік желілерде ұлттық тәрбиені насихаттау – танымал тұлғалар арқылы отбасылық құндылықтарды кеңінен көрсету, ұлттық контентті арттыру – жастардың назарын аударатын көркем, сапалы, тәрбиелік маңызы бар сериалдар мен бағдарламалар жасау;
– интернет пен БАҚ контентін бақылау – мемлекеттік деңгейде ұлттық құндылықтарға негізделген, жастарды қызықтыратын контенттер шығару – уақыт талабы;
– ақпараттық гигиенаны сақтау – жалған ақпарат таратпау, тексерілген ресми дереккөздерге сүйену, өз парақшаларында ұлттық құндылықтарды насихаттау, жалаң күлкі мен бейәдеп контентке қарсы тұру;
– патриоттық тәрбие мен әскери-азаматтық борышты қалыптастыру. Жастар арасында батылдық, отансүйгіштік қасиетті тәрбиелеу – ел тыныштығының кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздік стратегиясының маңызды бөлігі;
– мектеп бағдарламасына отансүйгіштік негіздері, әскери этика, қазіргі әлемдегі Қазақстан сынды жаңа интерактивті пәндер енгізу;
– жастарды волонтерлік, әскери-спорттық, табиғат қорғау қызметтері арқылы мемлекетке қызмет етуге баулу;
– теледидар, YouTube, TikTok, Instagram платформаларында ұлттық тұлғаларды дәріптейтін контент дайындау;
– мектепте «Ұлы тұлғалардан тағылым» бағдарламасы аясында оқушы-жоба жарысын өткізу;
– жастарға өзін-өзі тәрбиелеу дағдысын қалыптастыру үшін менторлық, көшбасшылық курстарын кеңінен енгізу;
– заң мен тәртіпті күшейту – құқықтық мәдениетті мектептен бастап қалыптастыру;
– балабақша мен мектептен бастап «Мен және заң» тақырыбында рөлдік ойындар, пікірсайыс, квест сабақтар өткізу;
– жастар арасында заң бұзушылықты азайту үшін құқықтық сауаттылық тренингілері, психологиялық диагностика, қауіп тобына жататын жасөспірімдермен жеке жұмыс жүйесін жетілдіру;
– әр ауыл, аудан көлемінде құқықтық мәдениет орталықтары мен мобильді заң қызметін ұйымдастыру қажет.
– «Тазалық – рухани болмыстың бастауы: «Таза сана – таза қоғам» атты жалпыұлттық мәдени-экологиялық қозғалыс құру. Ол тек көшені емес, сөзді, қарым-қатынасты, ойды да тазартуға бағытталуы қажет;
– «Сен өзіңнен баста» қағидатын қоғамдық құндылыққа айналдыру. Бұл үшін БАҚ-та мотиваторлық бейнежазбалар, қоғам белсенділерінің үндеулерін көптеп жариялау;
– тазалықты рухани, әлеуметтік, ақпараттық, экологиялық – төрт өлшемде дәріптеу;
Осындай кешенді, жүйелі қадамдар арқылы ғана Жаңа Қазақстанды рухани әрі мәдени тұрғыдан жаңарған, ұлттық болмысы нық, білімді де патриот ұрпақ тәрбиелейтін Таза Қазақстанға айналдыра аламыз.
Қазақстанның болашағы бүгінгі ұрпақтың бойына сіңірілген құндылықтарға тікелей байланысты. «Таза Қазақстан» болу үшін алдымен отбасы жаңаруы, мектеп жаңғыруы, тәрбие болуы, заң мен жауапкершілік үстемдік етуі керек. Ұлттық тәрбиені заманауи талаппен ұштастыра отырып, болашаққа сенімді қадам басамыз.
Ұрпағына үміт артқан ел мәңгі жасайды. Кітап оқитын, тіл меңгерген, еңбек ететін, отбасын құрметтейтін, Отанды сүйетін, заңды қадірлейтін, өзіне сенетін ұрпақ тәрбиелеу – әрбіріміздің қасиетті борышымыз.
«Жаңа Қазақстанды» жасау – тек билікке емес, барша халыққа жүктелген міндет. Бұл – жалпыұлттық сана жаңғыруының жолы, ел болашағын қалыптастырудағы тарихи мүмкіндік. Ал бұл мүмкіндікті пайдалану үшін әр отбасыда тәрбие оты маздауға тиіс. Сонда ғана таза да жарқын, ұлағатты да ұласпалы ел бола аламыз.
«Жаңа Қазақстанның» да, «Таза Қазақстанның» да іргесін тәрбиелі ұрпақ, сауатты қоғам мен әділетті жүйе ғана қалайды. Осы жолда бәріміз бірігіп әрекет етсек, «Таза Қазақстан» тек арман емес, ақиқатқа айналары хақ.
Оңалбай АЯШЕВ,
ҰҒА академигі, педагогика
ғылымының докторы, профессор