⚡️ Tashenev University: Басқарма төрағасының бастамасымен студенттерге оқу ақысына жеңілдік берілді
2026-11-27
Tashenev University ректоры Жанар Рысбекова университеттің студенттік активімен кездесті. Кездесудің негізгі мақсаты — студенттермен ашық пікір алмасу, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, сондай-ақ «Толық адам» тұжырымдамасы мен «Заң мен тәртіп» қағидаттарын білім беру ортасында жүзеге асыру мәселелерін талқылау.
Кездесудің басты жаңалықтарының бірі — университеттің Басқарма төрағасы Оңалбай Аяшевтің бастамасымен студенттерге оқу ақысына жеңілдіктер беру туралы қабылданған шешім болды.
Жоғары академиялық үлгерімімен ерекшеленген, спорт саласында айрықша жетістіктерге жеткен, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды қажет ететін студенттерге оқу ақысына жеңілдіктер қарастырылды.
Арнайы тәуелсіз комиссияның шешімі негізінде тиісті бұйрық рәсімделіп, жеңілдік алушылардың тізімі бекітілді.
Атап айтқанда, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ата-анасының бірінен айырылған, мүгедектігі бар студенттерге, сондай-ақ университет тарапынан қолдау көрсетілетін өзге де санаттағы білім алушыларға жеңілдіктер қарастырылған.
Бұл шешім 2026–2027 оқу жылына арналған. Университеттің қаржы басқармасына тиісті қайта есептеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Кездесу барысында ректор Жанар Рысбекова студенттерге қолдау көрсету университеттің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
💬 Жанар Рысбекова, Tashenev University ректоры:
«Біздің басты мақсатымыз – әрбір студентке сапалы білім алуға және өзінің әлеуетін толық жүзеге асыруға тең мүмкіндік жасау. Студенттің академиялық жетістігі, спорттағы табысы мен қоғамдық белсенділігі әрдайым қолдауға лайық. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайына байланысты ешбір білім алушы сапалы білім алу мүмкіндігінен шет қалмауы тиіс», – деді Жанар Рысбекова.
Бұдан бөлек, кездесуде «Толық адам» тұжырымдамасының негізгі бағыттары, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, академиялық адалдық, құқықтық мәдениет және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын студенттік ортада нығайту мәселелері талқыланды.
Студенттік актив өкілдері өз ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салып, университеттің қоғамдық өмірін жандандыру, жастар жобаларын қолдау және студенттер мен университет басшылығы арасындағы ашық диалогты дамыту жөнінде пікір алмасты.
Tashenev University білім алушылардың әлеуметтік жағдайына қолдау көрсету, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау және сапалы білім алуға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады.











