«Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» аясында Ж.А. Тәшенев университетінің бітіруші курс студенттеріне арналған ақпараттық кездесу
background

«Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» аясында Ж.А. Тәшенев университетінің бітіруші курс студенттеріне арналған ақпараттық кездесу

2026-11-18

Медиатека / Жаңалықтар / «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» аясында Ж.А. Тәшенев университетінің бітіруші курс студенттеріне арналған ақпараттық кездесу

2026 жылғы 18 қарашада университетімізде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен бірлесіп, бітіруші курс студенттеріне арналған «Мемлекеттік қызмет мектебі» жобасы аясында «Таланттар пулын» қалыптастыру мәселелері бойынша ақпараттық кездесу өтті.

Кездесу барысында студенттерге мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктері, кандидаттарды іріктеу тәртібі және оқытудың негізгі кезеңдері түсіндірілді. Жобаның басты мақсаты — белсенді әрі талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту, олардың заман талабына сай тәжірибелік дағдыларын қалыптастыру және жастар арасында мемлекеттік қызметті дәріптеу.

«Таланттар пулына» іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады:

  • кандидаттардың құжаттарын қабылдау;

  • бекітілген тақырып бойынша эссе жазу;

  • тестілеуден және жеке қасиеттерін бағалаудан өту;

  • өндірістік практикадан өту;

  • жоба дайындау және оны қорғау;

  • оқуды аяқтағаны туралы сертификат алу.

Кездесуде жоғары оқу орнын GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижемен аяқтаған түлектерге берілетін мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды. Мұндай түлектер оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз орналаса алады. Бұл мүмкіндік аудандық және ауылдық деңгейдегі басшылық емес лауазымдарға қатысты.

Сонымен қатар студенттерге eQyzmet жүйесі арқылы тестілеуден өту тәртібі таныстырылды. Тестілеу мемлекеттік тілді және Қазақстан Республикасының заңнамасын білу деңгейін анықтауды, сондай-ақ кандидаттардың жеке қасиеттерін бағалауды қамтиды.

Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, іріктеуге дайындалу бойынша кеңестермен танысты. Ақпараттық кездесу түлектердің мемлекеттік қызмет саласындағы мансаптық мүмкіндіктер туралы білімін кеңейтіп, болашақ кәсіби бағытын айқындауына ықпал етті.