Мажарстанның дипломатиялық өкілдері Тәшенев университетінің инновациялық әлеуетімен танысты
background

Мажарстанның дипломатиялық өкілдері Тәшенев университетінің инновациялық әлеуетімен танысты

Медиатека / Жаңалықтар / Мажарстанның дипломатиялық өкілдері Тәшенев университетінің инновациялық әлеуетімен танысты

МАЖАРСТАННЫҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ӨКІЛДЕРІ ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

Тәшенев университетіне Мажарстанның Алматы қаласындағы Бас консулы Саболч Карой Сёке мен вице-консул Петер Седеркени арнайы сапармен келді.

Қонақтарды университет ректоры Жанар Рысбекова қарсы алып, жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасымен, білім беру және ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен таныстырды.

Дипломатиялық өкілдер университеттің AI Lab зертханасын аралап, студенттердің жасанды интеллект, робототехника және бағдарламалау бағыттарындағы жобаларына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, білім алушылардың дрондарды құрастыру, бағдарламалау және сынақтан өткізу, электрондық компоненттермен және аналық платалармен жұмыс істеу тәжірибесі таныстырылды.

Сапар аясында университеттің Медиа хабында Мажарстанның Бас консулы Саболч Карой Сёке жасанды интеллектінің білім беру мен ғылым саласындағы маңызына қатысты пікір білдіріп, инновациялық технологиялардың жоғары білім жүйесін дамытудағы рөлін атап өтті.

Саболч Карой Сёке, Мажарстанның Алматы қаласындағы Бас консулы:

«Жасанды интеллект пен инновациялық технологиялар – білім беру мен ғылымның болашағын айқындайтын негізгі бағыттардың бірі. Университет қабырғасында студенттердің заманауи технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеріп, өз жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік жасалғаны қуантады. Мұндай бастамалар жастардың әлеуетін ашып, халықаралық ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер береді».

Жанар Рысбекова, Тәшенев университетінің ректоры:

«Біз үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту және білім мен ғылымдағы озық тәжірибелермен алмасу аса маңызды. Тәшенев университеті жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және инновациялық зерттеулер бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мажарстанның жоғары оқу орындарымен және ғылыми ұйымдарымен байланыс орнату бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, академиялық ұтқырлықты дамытуға және студенттеріміздің халықаралық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады».

Кездесу барысында тараптар білім беру, ғылым, жасанды интеллект және инновациялық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылап, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

Айта кетейік, Мажарстан – Қазақстанның Еуропалық одақтағы жақын әрі маңызды серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы тарихи және достық байланыстар білім, ғылым, мәдениет пен экономика салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға негіз болып отыр.

Тәшенев университеті халықаралық әріптестікті кеңейту және жаһандық білім беру кеңістігіне интеграциялану бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.