Тәшенев университеті Қытайдың жетекші жоғары оқу орнымен ынтымақтастықты дамытуды көздейді
2026-11-03
2026 жылғы 3–4 қараша күндері Тәшенев университетінің өкілдері Қытай Халық Республикасының Ухань қаласында жұмыс сапарымен болып, халықаралық білім беру көрмесіне қатысты және Ухань технология институтымен ынтымақтастық орнату бағытында келіссөздер жүргізді.
3 қарашада Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының ұйымдастыруымен өткен China Education Expo 2026 халықаралық көрмесіне Тәшенев университеті атынан Кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы Усипбекова Айгерім Эриковна мен Халықаралық байланыстар департаментінің бас маманы Сейіл Жібек қатысты.
Көрме аясында университет өкілдері жоғары білім беру саласындағы халықаралық тәжірибемен танысып, шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнату, білім беру бағдарламаларын ілгерілету және академиялық әріптестікті кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.
4 қарашада университет делегациясы 1972 жылы құрылған Ухань технология институтына (Wuhan Institute of Technology) арнайы барды. Бұл – инженерлік іс, жаратылыстану ғылымдары, менеджмент, экономика, гуманитарлық ғылымдар, құқық, өнер, медицина және білім беру бағыттары бойынша мамандар даярлайтын Қытайдың Хубэй провинциясындағы маңызды жоғары оқу орындарының бірі.
Іссапар барысында екі университет өкілдері білім беру және ғылыми ынтымақтастықты дамытудың перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, сондай-ақ мазмұны мен бағыты сәйкес келетін білім беру бағдарламалары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне басымдық берілді.
Тәшенев университетінің Кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы Айгерім Усипбекованың айтуынша, Қытайдың жоғары оқу орындарымен байланыс орнату университеттің халықаралық мүмкіндіктерін кеңейтудегі маңызды қадамдардың бірі.
«Бүгінде жоғары білім беру саласында халықаралық ынтымақтастықтың маңызы артып келеді. Әсіресе, қос дипломды бағдарламаларды іске асыру, студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту және шетелдік жоғары оқу орындарының тәжірибесін оқу процесіне енгізу – білім сапасын арттырудың тиімді тетіктері. Ухань технология институтымен өткен кездесуде осы бағыттар бойынша нақты ұсыныстар талқыланды. Алдағы уақытта екі университеттің білім беру бағдарламаларының ерекшеліктерін ескере отырып, өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Бұл студенттерімізге халықаралық деңгейде білім алуға, жаңа тәжірибе жинақтауға және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады», – деді Айгерім Усипбекова.
Аталған жұмыс сапары Тәшенев университетінің халықаралық байланыстарын нығайтуға, Қытайдың жоғары оқу орындарымен әріптестік аясын кеңейтуге және білім беру саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам болды.




