ШЫМКЕНТТЕ МАРДАН САПАРБАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ДӘСТҮРЛІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ
2026-11-07
ШЫМКЕНТТЕ МАРДАН САПАРБАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ДӘСТҮРЛІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ
Бүгін Шымкент қаласында көрнекті ғалым, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері Мардан Баймырзаұлы Сапарбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен дәстүрлі халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеттің Басқарма төрағасы Оңалбай Аяшұлы Аяшев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Грек-рим күресінен КСРО спорт шебері атанған Оңалбай Аяшұлы өз сөзінде спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі орнына, күрес мектебінің қалыптасуы мен дамуына, сондай-ақ осындай халықаралық жарыстардың маңыздылығына тоқталды.
«Мардан Баймырзаұлы Сапарбаевтың есімі өңір спортының тарихымен тығыз байланысты. Ол білікті ғалым әрі ұлағатты ұстаз ғана емес, отандық спорттың дамуына зор үлес қосқан бірегей тұлға болды. Осындай турнирлер арқылы біз оның өнегелі жолын ұлықтап қана қоймай, жас балуандарға жаңа мүмкіндіктер ашамыз. Бүгін боз кілемде белдесіп жүрген жастарымыздың арасынан болашақ чемпиондар шығатынына сенімдімін», – деді Оңалбай Аяшұлы.
Дәстүрлі турнирдің басты мақсаты – Мардан Баймырзаұлы Сапарбаевтың жарқын есімін ұлықтау, грек-рим күресін дамыту, жас спортшылардың шеберлігін шыңдау және халықаралық спорттық байланыстарды нығайту.
Барша қатысушыларға сәттілік, тартысты белдесулер мен жарқын жеңістер тілейміз!





