ШЫМКЕНТТІК СТУДЕНТТЕР ДРОН ҚҰРАСТЫРЫП, ҚЫТАЙДЫҢ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕСІН ҮЙРЕНЕДІ
2026-09-06
Медиатека / Жаңалықтар / ШЫМКЕНТТІК СТУДЕНТТЕР ДРОН ҚҰРАСТЫРЫП, ҚЫТАЙДЫҢ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕСІН ҮЙРЕНЕДІ
ШЫМКЕНТТІК СТУДЕНТТЕР ДРОН ҚҰРАСТЫРЫП, ҚЫТАЙДЫҢ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕСІН ҮЙРЕНЕДІ
Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеті мен «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС дрон технологиялары, мамандар даярлау, өндіріс және ғылыми-инновациялық қызмет бағыттарындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа Tashenev University ректоры, заң ғылымдарының кандидаты Жанар Қасымбекқызы Рысбекова және «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС Бас директоры Wang Zicong қол қойды.
Жаңа әріптестік университеттің білім беру мен ғылымды нақты өндіріс қажеттіліктерімен ұштастыруға бағытталған стратегиялық жұмысының бір бөлігі болмақ. Меморандум аясында тараптар ұшқышсыз авиациялық жүйелерді жобалау, бағдарламалау, құрастыру және пайдалану бойынша білікті мамандар даярлаудан бастап, бірлескен зерттеулер мен технологиялық жобаларды жүзеге асыруға дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтуды көздеп отыр.
Басты бағыттардың бірі – Tashenev University базасында дрондарды өндіру, құрастыру және жергіліктендіру бойынша өндірістік-құрастыру алаңын құру мүмкіндігін пысықтау. Жоба тиісті техникалық-экономикалық негіздеме, рұқсаттар және тараптардың жеке келісімдері негізінде жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар университет пен компания дрондар бойынша бірлескен зертхана, конструкторлық бюро, сервистік-оқыту орталығы және оқу-сынақ полигонын құру мүмкіндігін қарастырады.
Ынтымақтастықтың маңызды бөлігі студенттерге жаңа практикалық мүмкіндіктер беруге бағытталған. Атап айтқанда, өндірістік практика мен тағылымдамалар ұйымдастыру, дуальды оқыту элементтерін енгізу, студенттерді нақты өндірістік міндеттерге негізделген жобаларға тарту жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, тараптар дрондарды жобалау, бағдарламалау, құрастыру, техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша мамандар даярлау және қайта даярлау бағытында жұмыс жүргізбек.
Компанияның тәжірибелі мамандарын университетке қонақ дәріскер, сарапшы және тәлімгер ретінде тарту, бірлескен білім беру бағдарламаларын, элективті пәндерді, қысқа мерзімді курстар мен микробіліктілік бағдарламаларын әзірлеу де меморандумда көзделген.
Tashenev University ректоры Жанар Рысбекова:
«Бүгінде университеттің міндеті тек теориялық білім берумен шектелмеуі керек. Біз студентке біліммен қатар нақты технологиямен жұмыс істеу, өндірістік міндеттерді шешу және өз идеясын тәжірибелік өнімге айналдыру мүмкіндігін беруіміз қажет. Бұл ынтымақтастық дрон технологиялары, жасанды интеллект және инженерлік бағыттар бойынша жаңа құзыреттер қалыптастыруға жол ашады. Біздің басты мақсатымыз – еңбек нарығына дайын ғана емес, жаңа технологияларды әзірлей алатын мамандар даярлау».
ДРОН + ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ + АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Меморандум аясындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары да заманауи технологиялардың перспективалы бағыттарына негізделмек.
Тараптар автономды навигация, жасанды интеллект, компьютерлік көру, дрондар тобын басқару, дәл егіншілік, бүрку және шашу технологиялары, ұшу қауіпсіздігі мен энергия тиімділігі салаларында бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге ниетті.
Бұл әсіресе агроөнеркәсіп саласы үшін маңызды. Заманауи дрон технологиялары егістік алқаптарын бақылау, деректер жинау, өсімдіктердің жағдайын бағалау және ауыл шаруашылығы процестерін автоматтандыру сияқты міндеттерді жаңа деңгейде шешуге мүмкіндік береді.
«Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС Бас директоры Wang Zicong:
«Университетпен ынтымақтастық біз үшін технологияны білім беру және ғылыми ортамен байланыстырудың маңызды мүмкіндігі. Біз дрон технологиялары саласындағы тәжірибені студенттер мен жас зерттеушілерге жеткізуге, бірлескен жобаларды дамытуға және ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды қолданудың жаңа шешімдерін іздеуге мүдделіміз. Tashenev University-мен серіктестік ұзақ мерзімді әрі нәтижелі болады деп сенеміз».
СТУДЕНТТІК ЖОБАДАН – СТАРТАПҚА ДЕЙІН
Ынтымақтастық тек білім беру және ғылыми зерттеулермен шектелмейді. Тараптар студенттер мен ғалымдардың әзірлемелерін коммерцияландыруға, технологиялар трансферіне, стартаптар құруға, тәжірибелік үлгілерді сынауға және пилоттық жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге уағдаласты.
Сондай-ақ ортақ жобаларға гранттар мен инвестициялар тарту, ғылыми конференциялар, хакатондар, инженерлік жарыстар, көрмелер және демонстрациялық ұшулар өткізу жоспарлануда.
Меморандум Tashenev University-дің «білім – ғылым – инновация – өндіріс» байланысын күшейтуге бағытталған жұмысына жаңа серпін береді. Университет үшін бұл студенттердің заманауи технологияларды аудиторияда ғана емес, нақты өндірістік ортада меңгеруіне, ал ғылыми идеялардың тәжірибелік жобалар мен технологиялық өнімдерге айналуына мүмкіндік беретін жаңа алаң қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.




