TASHENEV UNIVERSITY-ДЕ БІЛІМ КҮНІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТТІ
2026-09-01
Медиатека / Жаңалықтар / TASHENEV UNIVERSITY-ДЕ БІЛІМ КҮНІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТТІ
TASHENEV UNIVERSITY-ДЕ БІЛІМ КҮНІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТТІ
1 қыркүйек – Білім күніне орай Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университетте жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, зиялы қауым өкілдері, құрметті қонақтар және студенттер қатысты.
Биыл университет табалдырығын алғаш аттаған бірінші курс студенттері үшін бұл күн жаңа өмір кезеңінің бастауы болды. Салтанатты шарада білім мен ғылымның маңызы, жастарға артылған сенім және бәсекеге қабілетті маман даярлаудағы университеттің міндеттері кеңінен айтылды.
Жиында университеттің негізін қалаушы, Басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Түркістан облысының Құрметті азаматы Оңалбай Аяшев сөз сөйлеп, студенттер мен ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
«Университеттің ең басты құндылығы – студент. Біздің міндетіміз – жастарға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың бойына елге қызмет ету, жауапкершілік пен адалдық қасиеттерін сіңіру. Тәшенев есімін иеленген оқу ордасының әрбір студенті білімді, бәсекеге қабілетті әрі мемлекетшіл азамат болып қалыптасуы тиіс. Жаңа оқу жылы баршаңызға жаңа мүмкіндіктер мен үлкен жетістіктер әкелсін!» – деді Оңалбай Аяшев.
Салтанатты жиын барысында университеттің білімге ұмтылған талапты жастарды қолдауға бағытталған дәстүрлі «Тәшенев тартуы» білім грантының иегерлері де құрметке бөленді. Биыл университет аталған жоба аясында 100 білім грантын ұсынды. Бұл бастама дарынды жастардың сапалы жоғары білім алуына мүмкіндік беріп, олардың академиялық және кәсіби дамуына қолдау көрсетуді көздейді.
Мерекелік шараға арнайы қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның құрметті судьясы Бекет Тұрғараев жастарға білімнің адам өміріндегі орны мен ел болашағы үшін білікті маман болудың жауапкершілігі жөнінде ой бөлісті. Ол студенттік кезеңді уақытты тиімді пайдаланып, терең білім мен өмірлік тәжірибе жинақтайтын маңызды мүмкіндік ретінде бағалап, жастарға үлкен мақсаттар қоюға тілектестігін білдірді.
Түркістан облыстық «Южный Казахстан» қоғамдық-саяси газетінің директор-бас редакторы, өңірлік славян мәдени орталығының төрайымы Марина Лимаренко бірінші курс студенттерін жаңа өмір белесімен құттықтап, университет қабырғасындағы жылдар тек мамандық игеретін кезең емес, тұлғалық қалыптасу мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын уақыт екенін атап өтті.
Филология ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхананың басшысы, ақын әрі ұстаз Анар Жаппарқұлова жастардың білімге, кітап оқуға және рухани дамуға ұмтылысының маңыздылығына тоқталды. Ол білімді әрі ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жас ұрпақ елдің зияткерлік әлеуетін арттыратын негізгі күш екенін атап өтіп, студенттерге шығармашылық табыс тіледі.
Шараның ерекше сәттерінің бірі – студенттік билет пен білімнің алтын кілтін табыстау рәсімі болды. Университеттің белсенді студенттері Мұстафа Балжан Мұхитқызы мен студенттік декан Иса Мұхаммед Ғалымұлы бұл символдық эстафетаны бірінші курс студенттері, «Тәшенев тартуы» білім грантының иегерлері Жаншиев Нұрислам Қайыржанұлы мен Кокшиева Адина Сабирханқызына табыстады.
Бұл рәсім – мектеп қабырғасынан студенттік өмірге қадам басқан жастардың жаңа мәртебесін айшықтайтын, аға буын студенттердің кейінгі буынға білім мен жауапкершілік эстафетасын тапсыруын білдіретін ерекше сәтке айналды.
Мерекелік бағдарламаның көркін университеттің өнерлі жастары аша түсті. «Ай-Рис» би ансамблі ұлттық би ұсынса, «Баян сұлу» триосы «Сүгірдің термесін» орындады. Студенттер Умирзах Нұралы Пернебайұлы мен Серік Нұрасыл Мақұлбекұлы әннен шашу шашып, Айгерім Тәжі «Туған жер» әнін көпшілік назарына ұсынды. Суырыпсалма ақын Аян Иманбайұлы мерекеге арнайы арнауын тарту етті.
Сонымен қатар «Дизайн және сән» кафедрасының студенттері дайындаған дефиле көпшілік назарына ұсынылып, университет жастарының шығармашылық әлеуеті мен кәсіби ізденісі көрсетілді. Мерекелік бағдарлама Ескендір Хасанғалиевтің әні мен Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Бүгінде Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университет білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісіне енгізуге, ғылыми зерттеулер мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға басымдық беріп келеді. Университетте заманауи AI Lab жұмыс істеп, студенттердің білім алуына, ғылыми және шығармашылық дамуына арналған инфрақұрылым кезең-кезеңімен кеңейтілуде.
Жаңа оқу жылы – жаңа мақсаттар мен жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Tashenev University үлкен білім жолына қадам басқан барша бірінші курс студенттерін студент атануымен құттықтап, жаңа оқу жылында толағай табыс, жарқын жетістіктер мен биік белестер тілейді!




