ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҰЖЫМЫ ҰЛЫ АБАЙДЫҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ
2026-08-10
Медиатека / Жаңалықтар / ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҰЖЫМЫ ҰЛЫ АБАЙДЫҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ
ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҰЖЫМЫ ҰЛЫ АБАЙДЫҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ
Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы әрі хакімі Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Шымкент қаласындағы Абай саябағында ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Рухани тағылымы мол шараға Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеттің делегациясы да қатысып, хакім Абайдың рухына тағзым етті.
Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілдігінің төрағасы Момбек Әбдәкімұлы, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Шара барысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек Абай мұрасының уақыт өткен сайын құндылығы арта түсетінін атап өтті.
«Абай атамыз соқтықпалы, соқпақты заманда өмір сүріп, қазақ қоғамының санасына сәуле түсіретін, уақыт өткен сайын қадірі арта беретін мәңгілік мұра қалдырды. Ол өз дәуірінің ғана емес, кейінгі ұрпақтың да қамын ойлап, қазақ қоғамын білімге, ғылымға, адамгершілікке шақырды. Абайдың әрбір сөзі, әрбір ойы – адамды кемелдікке, елді өркениетке бастайтын рухани бағдар», – деді Сәрсен Абайұлы.
Абай өз шығармаларында ұлттың болашағын білім мен ғылымнан, адал еңбек пен адамдық қасиеттен іздеді. Ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі тағылымды ойлар жас ұрпақты білімге ұмтылуға, өзін-өзі жетілдіруге, елге қызмет етуге үндейді.
«Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» деген хакімнің өсиеті білім мен ғылымды басты құндылық санайтын университетіміздің ұстанымдарымен де үндеседі.
Абайды ұлықтау – оның есімін дәріптеу ғана емес, ұлы ойшыл аманат еткен адамгершілік, білім, еңбек пен елдік құндылықтарды кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру.
Абай мұрасы – бір дәуірдің еншісінде қалған рухани қазына емес, ұлтпен бірге жасайтын мәңгілік құндылық. Оны оқу, түсіну және кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет.


