ТАШКЕНТТЕ ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ӨКІЛІ МАРАПАТТАЛДЫ
2026-08-03
Медиатека / Жаңалықтар / ТАШКЕНТТЕ ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ӨКІЛІ МАРАПАТТАЛДЫ
ТАШКЕНТТЕ ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ӨКІЛІ МАРАПАТТАЛДЫ
Өзбекстан Республикасының Халықтар достығы күніне орай Ташкент қаласында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған форумға Жапония, АҚШ, Ресей және Орталық Азия елдерінен белгілі ғалымдар, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Конференцияның негізгі мақсаты – халықтар арасындағы достықты, өзара сыйластық пен татулықты нығайту, сондай-ақ осы құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелерін талқылау болды.
Іс-шара барысында ұлтаралық келісім, мәдениетаралық диалог және халықаралық ынтымақтастық тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасалып, форум салтанатты марапаттау рәсімімен қорытындыланды.
Біз үшін зор мақтаныш – осы беделді халықаралық жиында Ж.Тәшенев университетінің Академиялық ұтқырлық орталығының басшысы, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығы жанындағы Білім кеңесінің төрайымы, PhD докторы Шахло Джамаловна Наралиева Өзбекстан Республикасының «Халықтар достығы» төсбелгісімен марапатталды.
Бұл жоғары марапат – Шахло Джамаловнаның халықтар достығы мен ынтымақтастығын нығайтуға, білім мен ғылымды дамытуға, халықаралық академиялық байланыстарды кеңейтуге қосқан елеулі үлесінің айқын көрінісі.
Шахло Джамаловна Наралиева:
«Бұл марапат – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Оны тек өзімнің емес, халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолында бірге еңбек етіп жүрген әріптестерімнің еңбегіне берілген жоғары баға деп қабылдаймын. Халықтар арасындағы достық, өзара түсіністік пен білім саласындағы серіктестік – тұрақты дамудың маңызды негізі. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, екі ел арасындағы ғылыми және білім беру байланыстарын нығайтуға өз үлесімді қоса беремін.»
Ж.Тәшенев университетінің ұжымы Шахло Джамаловна Наралиеваны айтулы марапатымен шын жүректен құттықтайды!


