ПОРТУГАЛИЯДАҒЫ ЕҢ ІРІ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПАРКТІҢ БАСШЫСЫ TASHENEV UNIVERSITY-ГЕ АРНАЙЫ КЕЛДІ
2026-07-15
Медиатека / Жаңалықтар / ПОРТУГАЛИЯДАҒЫ ЕҢ ІРІ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПАРКТІҢ БАСШЫСЫ TASHENEV UNIVERSITY-ГЕ АРНАЙЫ КЕЛДІ
ПОРТУГАЛИЯДАҒЫ ЕҢ ІРІ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПАРКТІҢ БАСШЫСЫ TASHENEV UNIVERSITY-ГЕ АРНАЙЫ КЕЛДІ
Tashenev University-ге Португалиядағы ең ірі ғылыми-технологиялық парк – Taguspark бас директоры Эдуарду Баптишта Коррейя ресми сапармен келді. Кездесудің басты мақсаты – ғылымды коммерцияландыру, инновациялық экожүйені дамыту және халықаралық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру мәселелерін талқылау болды.
Кездесу барысында тараптар технологиялар трансфері, стартаптарды қолдау бойынша еуропалық тәжірибені енгізу, жас ғалымдарға арналған бірлескен инкубациялық бағдарламалар құру, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейту, сондай-ақ білім беру үдерісін цифрландыру бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды.
Сапар аясында Эдуарду Баптишта Коррейя университеттің заманауи инфрақұрылымымен танысты. Қонақ ең алдымен Жасанды интеллект зертханасын аралап, студенттердің жасанды интеллект, машиналық оқыту және үлкен деректерді талдау бағытындағы жобаларын тамашалады. Сонымен қатар инженерлік зертханада студенттердің ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) құрастыру және бағдарламалау жұмыстарымен танысып, олардың тәжірибелік әзірлемелеріне жоғары баға берді.
Сондай-ақ делегация Tomorrow School инновациялық білім беру орталығында болып, болашақ мамандарды даярлауда қолданылатын заманауи цифрлық оқыту технологияларымен танысты. Университеттің коворкинг орталығында студенттік стартаптар мен ғылыми жобаларды дамытуға арналған мүмкіндіктер де таныстырылды.
Өз кезегінде Tashenev University Басқарма төрағасы Оңалбай Аяшев халықаралық серіктестік университеттің стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жасанды интеллект, инженерия, стартап экожүйесі, академиялық алмасу және ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру бағыттарында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендерін жеткізді.
Португалиядағы жетекші технологиялық парк басшысының сапары Tashenev University-дің халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі беделінің артып келе жатқанын және университеттің инновациялар мен жоғары технологиялар орталығына айналу жолындағы жүйелі жұмысының жарқын көрінісі болды.






