TASHENEV UNIVERSITY ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАУ РӘСІМІ ӨТТІ
background

TASHENEV UNIVERSITY ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАУ РӘСІМІ ӨТТІ

2026-07-08

Медиатека / Жаңалықтар / TASHENEV UNIVERSITY ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАУ РӘСІМІ ӨТТІ

TASHENEV UNIVERSITY ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАУ РӘСІМІ ӨТТІ
Бүгін Жұмабек Ахметұлы Тәшенев университетінде 2026 жылғы түлектерге диплом табыстау салтанаты өтті. Үздік диплом иегерлеріне арналған басты мерекелік рәсім Шымкент қаласындағы Достық үйінде ұйымдастырылды.
📚 Биыл университеттің 32 бакалавриат білім беру бағдарламасы бойынша 3586 студент оқуын сәтті аяқтады. Оның ішінде 49 түлек үздік диплом иегері атанып, білімге деген құштарлығы мен табандылығының нәтижесін дәлелдеді.
🎤 Салтанатты жиынның ашылуында университеттің Басқарма төрағасы Оңалбай Аяшев түлектерді құттықтап, еліміздегі ғылым мен жоғары білім саласының қарқынды дамуына тоқталды.
– Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыт пен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бастамаларының арқасында еліміздегі ғылым мен жоғары білім жаңа деңгейге көтерілуде. Бүгінде әлемнің жетекші университеттерінің филиалдары ашылып, білім беру сапасына қойылатын талаптар күшейіп келеді. Осындай бәсекелестік ортада Tashenev University көпсалалы жоғары оқу орны ретінде өзінің лайықты орнын қалыптастырып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, заманауи білім беру технологияларын енгізуде. Біздің басты мақсатымыз – еңбек нарығында сұранысқа ие, елдің дамуына үлес қосатын білікті әрі бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, – деді Оңалбай Аяшев.
Құрметті қонақтар – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, опера әншісі Үрәлхан Сейілбекова мен айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Анар Жаппарқұлова түлектерге жүрекжарды лебіздерін арнады.
Үздік дипломдар университет ректоры Қанат Байболовтың қолынан табысталды.
🎶 Салтанатты рәсім Қазақстан эстрадасының танымал әншісі Серік Гамза-заде және өзге де өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен жалғасты.
✨ Диплом табыстау рәсімі мыңдаған жас маман үшін студенттік өмірдің жарқын белесін қорытындылап, үлкен өмірге жасалған алғашқы сенімді қадамның символына айналды.
Tashenev University ұжымы барлық түлектерге кәсіби табыс, биік белестер, жарқын болашақ және Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосуды тілейді.