2026-03-14
КӨРІСУ КҮНІ – БІРЛІК ПЕН ИГІ ДӘСТҮРДІҢ МЕРЕКЕСІ Бүгін Наурыз мейрамы аясында халқымыздың ежелден келе жатқан игі дәстүрлерінің бірі – Көрісу күні аталып жатыр. Бұл күн – адамдардың бір-бірімен көрісіп, амандасып, өткен өкпе-ренішті ұмытып, татулық пен сыйластықты нығайтатын ерекше мереке. Осы күні университет ұжымы мен белсенді студент жастары бір-бірімен көрісіп, жылы лебіздері мен ақ тілектерін білдіруде. Ұжымдық бірлік пен жастардың ұйымшылдығын көрсеткен бұл шара ұлттық құндылықтарды насихаттаудың жарқын үлгісіне айналуда. Сондай-ақ жақсы дәстүрге айналған жастар ұйымдарының өзара көрісуі биыл да жалғасын табуда. Ж.А. Ташенев университетіне М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті мен Орталық Азия университетінің ұжымдары мен студент жастары арнайы келіп, көрісу рәсімін өткізді. Өз кезегінде Ж.А. Ташенев университетінің ұжымы мен студенттері де Ө. Жәнібеков университетіне барып, көрісу дәстүрін жалғастырды. Көрісу күнінің қорытынды кездесуі Жастар ресурстық орталығының алдында өтіп, түрлі оқу орындарының жастары бір-біріне ізгі тілектерін арнауда. Мұндай кездесулер жастар арасындағы достық пен өзара сыйластықты арттырып, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға үлкен үлес қосады. Баршаңызды Көрісу күнімен құттықтаймыз! Әр шаңыраққа амандық, бірлік пен береке тілейміз! 🌿








