АБАЙ МҰРАСЫНЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ: ҚОЛЖАЗБАДАН ЦИФРЛЫҚ КОРПУСҚА ДЕЙІН
background

АБАЙ МҰРАСЫНЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ: ҚОЛЖАЗБАДАН ЦИФРЛЫҚ КОРПУСҚА ДЕЙІН

2025-12-23

Mediathek / News / АБАЙ МҰРАСЫНЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ: ҚОЛЖАЗБАДАН ЦИФРЛЫҚ КОРПУСҚА ДЕЙІН

2025 жылғы 22 желтоқсанда Алматы қаласындағы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын қорытындылауға арналған «Абай мұрасының жаңа дәуірі: қолжазба нұсқадан цифрлық корпусқа дейінгі мәтінтану мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Аталған конференция абайтану ғылымындағы жаңа кезеңнің бастауын айқындаған маңызды ғылыми алаң болды. Шара барысында соңғы жылдары ұлттық мәтінтану саласында жүзеге асқан ірі ғылыми жобалардың нәтижелері қорытындыланып, ғылыми қауымға кеңінен таныстырылды.
Конференцияның басты жаңалығы — М.О. Әуезов атындағы институт ғалымдарының көпжылдық зерттеу еңбегінің нәтижесі болып табылатын Абай шығармаларының үштомдық академиялық толық жинағы мен Абай мұрасын заманауи ғылыми айналымға енгізуге арналған электронды цифрлық платформаның ресми түрде таныстырылуы болды.
Академиялық жинақта Абай шығармаларының барлық қолжазба және алғашқы баспа нұсқалары қайта қаралып, мәтіндердің ғылыми дәлдігі мен тарихи деректілігі терең текстологиялық қағидаттар негізінде қамтамасыз етілген. Бұрынғы басылымдардағы мәтіндік айырмашылықтар жүйеленіп, ғылыми шешімдер ұсынылған, әр шығармаға берілетін түсініктер кеңейтіліп, жаңаша талданған.
Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен абайтанушы, әдебиеттанушы, шығыстанушы ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, жас зерттеушілер мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты. Конференция барысында цифрлық платформаның құрылымы мен ғылыми әлеуеті таныстырылып, оны практикада қолдану жолдары көрсетілді.
Аталған ғылыми жиынға Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеттен Ғалым-хатшы Ляззат Абенова қатысып, абайтану ғылымындағы жаңа ізденістер мен ғылыми жаңалықтарға куә болды.