⚡️ҚЫСҚЫ СЕССИЯ: АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
2025-12-19
Жұмабек Тәшенов атындағы университетте қысқы емтихан сессиясы академиялық күнтізбеге сәйкес 1–4 курс студенттері үшін өткізіліп жатыр. Барлық курстар бойынша емтихандар Platonus платформасы арқылы электронды форматта, заманауи прокторинг жүйелері, бейнебақылау және академиялық адалдықты автоматты түрде қадағалау құралдарын қолдану арқылы ұйымдастырылуда.
Мониторингке университет басшылығы, факультет декандары, Шымкент қаласының студенттік омбудсмені, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, студенттік өзін-өзі басқару ұйымының мүшелері және тіркеу офисінің қызметкерлері қатысты.
Мониторинг барысында бірнеше емтихан аудиториясы қаралып, емтихан өткізу талаптарының сақталуына назар аударылды. Атап айтқанда, барлық аудиториялар бейнебақылау камераларымен жабдықталған, емтихан процесі тіркеу офисі тарапынан орталықтандырылған түрде бақыланады, ал студенттердің құқықтары, апелляция және кері байланыс арналары туралы ақпарат аудиториялар мен деканаттардың жанында орналастырылған.
Университетте академиялық адалдық қағидаттарын сақтау оқу процесінің негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастырылады. Қысқы сессияны ұйымдастыру барысында студенттер үшін ашық, әділ және тең жағдай жасауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Студенттерге емтиханды екі рет тегін тапсыру мүмкіндігі қарастырылған: негізгі тапсыру және бір рет қайта тапсыру. Бұл тәсіл білім нәтижелерін объективті бағалауға және студенттерге түсетін психологиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.




