МАРХАБАТ БАЙҒҰТ АТЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚТА «ТӘУЕЛСІЗДІК – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ» АТТЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
background

МАРХАБАТ БАЙҒҰТ АТЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚТА «ТӘУЕЛСІЗДІК – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ» АТТЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

2025-12-15

Mediathek / News / МАРХАБАТ БАЙҒҰТ АТЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚТА «ТӘУЕЛСІЗДІК – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ» АТТЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы Махабат Байғұт атындағы студенттер орталығында Тәшенев атындағы университеттің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – ұлттық құндылық» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылып, мемлекеттіліктің негізі, ұлттық сана мен тарихи жады мәселелерін тереңінен қамтыды.
Конференция Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының орындалуымен басталды. Іс-шараның модераторы — университеттің Басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшұлы. Ол өз сөзінде Тәуелсіздік идеясы кездейсоқ пайда болмағанын, оның түп-тамыры ұлттық күрес пен тарихи әділеттілікте жатқанын атап өтті. Сонымен қатар жоғары білім беру мекемелерінің басты міндеті — жастардың бойында мемлекеттік ойлау мен елдік жауапкершілікті қалыптастыру екенін жеткізді.
Факультет деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Мырзабай Балтабайұлы баяндамасында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына арнайы тоқталып, бұл тарихи кезеңді Қазақстан Тәуелсіздігінің идеялық бастауы ретінде бағалады. Оның айтуынша, Желтоқсан — ұлттық намыстың оянған сәті, бодандық сананың күйреген тұсы және еркіндікке деген тарихи сұраныстың ашық көрінісі.
Журналист, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай Тәуелсіздіктің ақпараттық өлшеміне назар аударып, ұлттық мүддені қорғау ісінде шынайы, жауапты және кәсіби журналистиканың маңызына тоқталды. Ол ақпараттық егемендік — саяси тәуелсіздіктің берік тірегі екенін атап өтті.
Қоғам қайраткері, белгілі заңгер Бекет Тұрғараұлы Тәуелсіздік пен құқықтық мемлекеттің ажырамас байланысын айта келе:
«Тәуелсіздік тек тарихи акт емес, ол — күн сайын заңмен, әділдікпен және азаматтың құқығын қорғаумен дәлелденетін құндылық. Заң үстемдігі әлсіреген жерде тәуелсіздік те формальды сипатқа айналады», — деді.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті қаламгер Құлбек Ергөбек рухани тәуелсіздік мәселесін қозғап, Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың қайта жаңғыруына жол ашқанын атап өтті.
Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлжан Дәулетбекқызы тарихи жадыны сақтау — Тәуелсіздікті идеологиялық тұрғыда бекітудің басты шарты екенін айтты.
Журналистер Марина Лимаренко мен Любовь Доброта Қазақстан Тәуелсіздігінің басты жетістіктерінің бірі ретінде ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты атап өтті.
«Дустлик» қауымдастығының құрметті төрағасы Икрам Акрамұлы Қазақстан халқының бірлігі мен татулығы Тәуелсіздіктің стратегиялық капиталы екенін жеткізді.
Шымкент қаласы бойынша Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірова Тәуелсіздік идеологиясының отбасынан басталатынын атап өтіп, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудегі аналардың рөліне тоқталды.
Университеттің студенттік ректоры Амина Қайратқызы жастар атынан сөз сөйлеп, Тәуелсіздік идеясының бүгінгі ұрпақ үшін маңызын атап өтті. Ол өз сөзінде:
«Біздің буынның міндеті — Тәуелсіздікті тек сақтау ғана емес, оны нығайтып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосу. Бұл — Желтоқсан рухы жүктеген тарихи жауапкершілік», — деді.
Конференция жұмысына қоғамдық және ғылыми зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, қалалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистері, сондай-ақ студент жастардың белсенді өкілдері қатысты.
Қалалық деңгейде өткен бұл басқосу Тәуелсіздік идеясын жаңаша пайымдауға, Желтоқсан оқиғаларының тарихи және идеологиялық маңызын терең түсіндіруге, сондай-ақ ұлттық мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған маңызды қоғамдық алаңға айналды.
Іс-шара 2-курс студенті Зарина Оралбектің «Қазағымсың» әнін орындауымен қорытындыланып, конференцияның рухани-идеялық мазмұнын айқындай түсті.