Tashenev
background


Tashenev University өкілдері еліміздің білім және еңбек нарығына бағытталған маңызды шараларға белсенді түрде қатысуды жалғастыруда. Университет жақында Тараз қаласында өткен «BILIM JÁNE BOLASHAQ» халықаралық білім көрмесіне қатысып, талапкерлерге оқу бағдарламалары, гранттық мүмкіндіктер, дуальды білім беру жүйесі және университеттің академиялық артықшылықтары туралы жан-жақты ақпарат ұсынды. «SANA OIL» АҚ-ның қолдауымен және «SANA» Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен көрмеге еліміздің жетекші жоғары оқу орындары қатысты, ал шараға 1500-ға жуық мектеп түлегі келіп, болашақ мамандығын таңдау бойынша қажетті мәліметтер алды.
Сонымен қатар, Tashenev University Шымкент қаласында өткен «Еңбек – өмірдің тұтқасы» атты бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне де қатысты. Қаладағы «Көрме орталығында» өткен шарада 100-ден астам жұмыс беруші өндіріс, қызмет көрсету, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау және өзге де салалар бойынша 2000-ға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкеге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, еңбек қауіпсіздігі, қызметкерлер құқығы және жалақының уақытылы төленуі жөнінде жұмыс берушілерге бірқатар маңызды ескертулер жасады.
Enbek.kz порталы бойынша кеңес беру алаңы да ұйымдастырылып, мамандар 227 мекеменің 1500-ден астам бос жұмыс орнын таныстырып, онлайн резюме дайындау, электронды еңбек биржасын пайдалану жолдарын түсіндірді. Сонымен бірге мемлекеттік грант арқылы кәсібін бастаған азаматтар өз өнімдерін таныстырып, жәрмеңкенің ауқымын арттыра түсті.
Tashenev University білім беру және еңбек нарығы бағытындағы осындай шараларға қатыса отырып, жастарға сапалы білім алуға, дұрыс мамандық таңдауға және еңбек нарығында өз орнын табуға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады.