САНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК: TASHENEV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ КИБЕРҚАТЕРЛЕРДЕН ҚОРҒАНУ ТӘСІЛДЕРІН ҮЙРЕНДІ
2025-11-19
Mediathek / News / САНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК: TASHENEV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ КИБЕРҚАТЕРЛЕРДЕН ҚОРҒАНУ ТӘСІЛДЕРІН ҮЙРЕНДІ
Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Жақсыбай Жарылқасынның қатысуымен Tashenev University–де студенттерге арналған Digital Lessons AFM атты сандық қауіпсіздік сабағы өтті. Іс-шара ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің «Заң және тәртіп» қағидасын насихаттау және жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Сабақ AI_DOSA цифрлық офицер-көмекшінің қатысуымен интерактивті форматта жүргізіліп, студенттердің белсенділігімен ерекше өрбіді. Жедел уәкіл Жақсыбай Жарылқасын жастарға интернет-алаяқтардың түрлі айла-тәсілдерін, фишингтік сілтемелерді анықтау, смартфонды цифрлық бекініске айналдыру жолдарын кеңінен түсіндірді.
«Қазіргі заманда интернеттегі қауіпсіздік – әр адамның жеке жауапкершілігі. Киберқылмыскерлер күн сайын жаңа әдістер ойлап табуда, сондықтан әрбіріміз қырағы болуымыз керек. Жастардың цифрлық қауіпсіздігі – елдің болашағының қауіпсіздігі», – деді Жақсыбай Жарылқасын.
Сабақ барысында студенттер нақты мысалдар арқылы алаяқтық схемаларды талдап, өздерін онлайн кеңістікте қалай қорғауға болатынын үйренді.
Ең белсенді қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар тапсырылып, күнделікті өмірде қолдануға болатын пайдалы цифрлық кеңестер берілді.
Tashenev University цифрлық қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға бағытталған мұндай шараларды алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.


