ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЕКІ СТАРТАПЫ DIGITAL BRIDGE-2026 БАЙҚАУЫНДА
background

ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЕКІ СТАРТАПЫ DIGITAL BRIDGE-2026 БАЙҚАУЫНДА

2026-10-03

Mediathek / News / ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЕКІ СТАРТАПЫ DIGITAL BRIDGE-2026 БАЙҚАУЫНДА

ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЕКІ СТАРТАПЫ DIGITAL BRIDGE-2026 БАЙҚАУЫНДА
Digital Bridge халықаралық форумының аясында өтіп жатқан стартаптар көрмесінде Жұмабек Ахметұлы Тәшенев университетінің студенті, жас стартапер Қанат Жандаровтың бірден екі жобасы таныстырылды.
Бірінші жоба – химиялық реакцияларды цифрлық ортада модельдеуге мүмкіндік беретін визуалды химия зертханасы. Жоба арқылы студенттер түрлі химиялық процестерді виртуалды форматта бақылап, тәжірибелерді қауіпсіз ортада жүргізе алады. Бұл тәсіл зертханалық реагенттерге кететін шығынды азайтып, оқу процесін қауіпсіз әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Екінші жоба – гуманоид роботты бағдарламалау бағытына арналған. Стартап аясында роботтың қозғалысын, әрекетін және белгілі бір тапсырмаларды орындауын бағдарламалау мүмкіндіктері қарастырылған. Жоба робототехника, жасанды интеллект және бағдарламалау бағыттарының тоғысында дамып келеді.
Қанат Жандаровтың айтуынша, екі жобаның да негізгі мақсаты – күрделі технологияларды білім беру процесіне жақындатып, оларды студенттер үшін қолжетімді құралға айналдыру.
«Біздің мақсатымыз – технологияны тек көрсету емес, оны нақты мәселелерді шешуге қолдану. Химиядағы виртуалды зертхана қауіпсіз әрі қолжетімді тәжірибе жасауға мүмкіндік берсе, гуманоид робот жобасы бағдарламалау мен робототехниканы тәжірибе жүзінде меңгеруге жол ашады. Digital Bridge сияқты алаңдарда жобаларды таныстырып, сарапшылардың пікірін алу біз үшін үлкен мүмкіндік», – деді Қанат Жандаров.
Студенттік стартаптардың Digital Bridge көрмесіне қатысуы – университет қабырғасында білім алумен қатар, өз идеясын технологиялық өнімге айналдыруға ұмтылған жас кәсіпкерлердің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Қазіргі таңда көрме аясында стартаптар арасында үздік жобаны анықтауға арналған байқау да өтуде. Тәшенев университетінің екі жобасы аталған байқауда өз мүмкіндіктерін сынап жатыр.