Құрметті әріптестер, студенттер және университет қауымдастығы!
2026-07-01
Құрметті әріптестер, студенттер және университет қауымдастығы!
Бүгін – еліміздің жаңа тарихи кезеңінің бастауы. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне еніп, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы ауқымды реформалардың берік құқықтық негізіне айналды.
Жаңа Конституция мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастырып, заң үстемдігін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, қоғам мен мемлекеттің өзара жауапкершілігін нығайтуға бағытталған. Бұл – елдің ұзақ мерзімді дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты құндылықтардың кепілі.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға жол ашты. Ұлттық құрылтайдың жаңғыруы қоғам мен билік арасындағы ашық диалогты нығайтып, елдің болашағына қатысты маңызды шешімдерді көпшілік талқысы арқылы қабылдаудың жаңа дәстүрін орнықтырды. Бұл – бірлік пен жауапкершілікке негізделген жаңа қоғамдық келісімнің айқын көрінісі.
Мемлекет ғылым мен жоғары білімді, шығармашылық зиялы қауымды, инновациялар мен жоғары технологияларды дамытуды стратегиялық басымдық ретінде айқындады. Бүгінде жасанды интеллектіні дамыту, ғылыми зерттеулерді қолдау, университет ғылымын күшейту және цифрлық экономиканы қалыптастыру – Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі бағыттардың бірі.
Тәшенев университеті осы тарихи өзгерістердің бел ортасында болып, сапалы білім беру, озық ғылыми зерттеулер жүргізу, инновациялық экожүйені дамыту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы еліміздің интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға өз үлесін қоса береді.
Жаңа Конституция Қазақстанның тұрақты дамуының, әділетті қоғамның, қуатты ғылым мен сапалы білімнің, технологиялық жаңғырудың және ұлттық бірліктің берік негізі болғай!
Құрметпен,
Қанат Байболов,
Tashenev University-ның
ректоры, профессор
