ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ СТУДЕНТТІК СПОРТ ЛИГАСЫНДА ЖҮЛДЕЛІ ІІІ ОРЫН ИЕЛЕНДІ
2026-04-27
Mediathek / News / ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ СТУДЕНТТІК СПОРТ ЛИГАСЫНДА ЖҮЛДЕЛІ ІІІ ОРЫН ИЕЛЕНДІ
Қазақстанның ұлттық спорт одағы бекіткен спорттық-бұқаралық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, 2026 жылдың ақпан–мамыр айлары аралығында еліміздің жоғары оқу орындары арасында Студенттік спорт лигасы өтті. Ауқымды дода 7 спорт түрін қамтыды: волейбол, 3×3 баскетбол, футзал, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат және қазақ күресі.
Жарысқа еліміздің төрт өңірінен — Шымкент қаласы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарынан барлығы 15 жоғары оқу орны қатысты. Атап айтқанда, Шымкент қаласынан 8 университет, Жамбыл облысынан 2, Қызылорда облысынан 3 және Түркістан облысынан 2 жоғары оқу орны бақ сынады.
Осы беделді жарыста Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеттің «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының студенттері футзал спорт түрі бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Бұл жетістік – студенттердің табандылығы мен спортқа деген сүйіспеншілігінің, сондай-ақ кәсіби дайындықтың айқын көрінісі. Команданың жоғары нәтижеге жетуіне жаттықтырушылар — Ерлан Усербайұлы Козбаев пен Давлят Елікбайдың қосқан үлесі зор.
Университет ұжымы мен студенттері атынан команда бапкерлеріне алғыс білдіреміз және спортшыларымызды жарқын жеңістерімен құттықтаймыз!
Тәшенев университеті алдағы уақытта да бұқаралық спортты дамытуға және студенттердің салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырады.


