Университет тарихы
background

Ж.А.Тәшенев атындағы университет тарихы

1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Мырзашөл өңірі, Жетісай ауданы (бұрынғы Мақтаарал), Жетісай қаласында «Сырдария» университеті ашылды.
Оңтүстік өлкесі – құт қонған, кие дарыған, тауы – тарих, даласы – дастан, қаласы – қазыналы мекен! Елімізде «оң» сөзі жақсы ниетті, береке-бірлікті, ынтымағы жарасқан тату тірлікті білдіреді. Табалдырықты да оң аяқпен аттаймыз. «Қадамың оң болсын» – деп тілек айтамыз. Ал «түстік» дегенде мамыражай, жанға жайлы күйге енесің. Осы екі ұғым үйлескенде жаныңа қуат, жылы шуақ, арайлы күннің шалқыған нұры бойыңа дариды. Жігерленесің, қуат аласың, шалқисың, шаттанасың.
Жетісай, Мақтаарал аудандары – халқы ең тығыз қоныстанған, халық өсімі жоғары, қазақ тілінің, салт-дәстүрлерінің қаймағы бұзылмай сақталған және Өзбекстанмен шекаралас орналасқан ерекше өңір. Университет еліміздің оңтүстік қиырындағы шалғай аудан жастары мен Өзбекстанда тұрып жатқан қандас бауырларымызды жоғары білім алуға тарту, оларды рухани бай, парасатты, білікті мамандар етіп тәрбиелеу мақсатында ашылған білім ордасы болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз қиындықтарды еңсере бастаған кезеңде жоғары оқу орнының қазығын қағып, негізін қалаған, оның өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсаған, талабы жоғары, жауапкершілігі зор тұлға – бүгінде Ж.А.Тәшенев университетінің Басқарма төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Түркістан облысының Құрметті азаматы – Оңалбай Аяшев еді.
Ширек ғасыр ішінде бұл оқу ордасы тарихы мен дәстүрі қалыптасқан, беделді жоғары оқу орындарының біріне айналды. Осыған байланысты Үкімет пен Білім және ғылым министрлігіне университетті Шымкентке көшіру және оны мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің есімімен атау туралы ұсыныс түсті. Ұсыныс бірауыздан қабылданып, 2022–2023 оқу жылынан бастап «Сырдария» университеті үшінші мегаполис – Шымкент қаласында Ж.А.Тәшенев атындағы университет болып жаңа тынысын, жаңа кезеңін бастады.
Ешкімді жатсынбайтын, ұлысымыздың ұйытқысына айналған Оңтүстік өңірінің мақтанышы – қоғам қайраткері, «елім, жерім» деп өмір сүрген, халқына жақсылық жасаудан жанын аямаған Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің есімі университетке, оның әрбір мүшесіне үлкен жауапкершілік пен міндет жүктейді.
Мәртебелі оқу орны бүгінде жекеменшік жоғары оқу орындарының арасында алдыңғы қатарлы білім және ғылым орталығына айналды. Тәуелсіз мемлекеттің білім мен ғылымының, экономикасының, өнері мен мәдениетінің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқан университет шалғайдағы халыққа сапалы білім беріп, айқын мақсатпен дамудың даңғыл жолына түсті. Сондай-ақ, көрші мемлекеттердегі қандастарымызға білім беру бағытында жақын шет елдерге танымал білім ордасына айналды.
Тәшенев атындағы университет ұжымы қайраткердің тағылымды істерін ту етіп, оны студент жастардың бойына сіңіруде. Университетте үш жылдан бері дәстүрлі түрде «Тәшенев оқулары» өткізіліп келеді және 2024–2025 оқу жылынан бастап барлық білім беру бағдарламаларына «Тәшеневтану» пәні енгізілді. Бүгінде университетте бакалавриаттың 13 бағыты бойынша: 6B01 – Педагогикалық ғылымдар, 6B02 – Өнер және гуманитарлық ғылымдар, 6B03 – Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат, 6B04 – Бизнес, басқару және құқық, 6B05 – Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, 6B06 – Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытында 56 білім беру бағдарламасы, ал магистратураның 5 бағыты бойынша 12 бағдарлама еңбек нарығындағы өзгерістерді ескере отырып жаңартылып, сапалы білім берілуде.
Университет тың серпілістер мен жаңашылдықтарға толы кезеңде өмір сүріп келеді. Мемлекет басшысының «Білімді ұлт» ұлттық жобасын іске асыру, жоғары білім беру жүйесін интернационалдандыру, цифрландыру және ғылыми әлеуетті арттыру – жоғары оқу орындарына жаңа міндеттер жүктейді.
Біз ХХІ ғасырдың цифрлық дәуірінде өмір сүрудеміз. Сондықтан жаңа талаптарға сай болу үшін өткен оқу жылдарындағы жетістіктермен шектелмей, әр оқу жылында білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамы жаңа креативті идеялармен және серпінді бастамалармен жігерленіп келеді.
Тәшенев университетінің материалдық-техникалық базасын нығайту, яғни инфрақұрылымын дамыту жобасы – университеттің білім алушылары мен профессор-оқытушылар құрамының кәсіби өсуі мен өзін-өзі іске асыруына бағытталған маңызды бастама болып табылады.