"Сырдария" университеті "Нұр Отан" партиясымен бірігіп Жолдауды талқылады

"Сырдария" университетінде Президент Қ.К. Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауындағы басым бағыттарды талқылауға арналған жиын өтті.

Университетіміздің ректоры Серік Сансызбайұлы бұл жолдауда өткенді саралай отырып, болашаққа баянды істермен қадам басу керек екендігі нақты көрсетілгенін атап өтіп, ел дамуына ерекше серпін беретін бұл бағдарламалық құжаттың маңыздылығына тоқтала отырып, Жолдауда айтылған негізгі бағыттарды кеңінен түсіндірді.

"Мемлекет басшысы алдағы уақытта әлеуметтік-экономикалық мәселелерге үлкен көңіл бөлінетінін көрсете білді. Халықтың әл-ауқатын жақсартып, дамыған 30 елдің қатарына кіру бойынша ауқымды шаралар атқарылатынын баса айтты. Халыққа атаулы әлеуметтік-көмек берудің тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар да күн тәртібінен түскен жоқ" - деді Жетісай аудандық Nur Otan партиясы төрағасының орынбасары А.Асауов.

Жиында университет ғалымдары мен жастары Президент Жолдауы бойынша көпшілік алдында баяндама жасап, Жолдауда айтылған басымдықтар туралы пайымды пікірлерімен бөлісіп, келелі ойларын айтты. Сонымен қатар, университет ұжымы Президентіміздің Жолдауына қолдау білдіріп, өзекті мәселелер ұтымды шешімін тауып, алдағы уақытта ел игілігі үшін оң өзгерістер болатынына сенім білдіріп, Жолдаудағы міндеттерді орындауға үлес қосатындықтарын жеткізді.

Оқиға категориялары