Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз!

Жылда асыға күтетін Ұлыстың Ұлы күні – жайма шуақ Наурыз биыл да табалдырығымыздан аттады. Ежелден келе жатқан бұл мереке ырыстың, береке мен молшылықтың, бірліктің, бейбітшілік пен көктемгі жаңғырудың мерекесі, ол әрбір қазақстандық үшін қымбат. Қоғамда бейбітшілікті, келісімді, достықты нығайтуда ерекше рөл атқаратын Наурыз мерекесі "Сырдария" университетінде айрықша сән-салтанатпен тойланды.

Қазақтың алты қанат ақ боз киіз үйі тігілген думанды алаңдағы мерекелік іс-шара "Қара жорға" биімен ашылып, Қызыр баба елге, жерге жақсылық, молшылық, табыс, береке, ынтымақ, бiрлiк тiлеп, ақ батасын бердi. Ақ жаулықты жеңгелер жаңа күннiң бастауындағы шашуларын шашты.

Жер дүниенің жаңаруын білдіретін мерекелік іс-шараны ашып беру мақсатында "Сырдария" университетінің ректоры, п.ғ.к., доцент Дайырбеков Серік Сансызбайұлы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бегім Серікұлы, профессор, күйші-компазитор, Бөрі Исаұлы құрмет қошеметпен сахна төріне шақырылып, жиналған жұртшылықты Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтап, көпшілікке ақ тілектерін арнады.

Жер жүзін жылытқан мерейлі той музыкалық білім мамандығының студентерінен құралған "NBO" триосының "Мерекем" әнімен жалғасты. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттері мерекелік кеш барысында "Бастаңғы" көрінісін сахналап, ән айтып, қыз бен жігіт айтысы, ұйқы ашар, селк ету арқылы халық дәстүрін жаңғырта түсті.

Ұлттық құндылығымыздың төрінен орын алатын күй тартыста "Балбырауын", "Адай" күйлері думанды кештің аспанында әуеледі. Университетіміздің атын республика көлемінде танытып жүрген, 2017 жылғы Республикалық Жайдарман ойындарының Жоғарғы лига чемпиондары "Сырдария құрамасы" және "Өнер серілері" жайдарман тобының әзіл-қалжыңға толы көріністері көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.

Оқу орнының аруларынан құралған "Ерке" триосының "Қазағым-ай" әні орындалып, Наурыз думанының мерекелік дастарханында көпшілік наурыз көже, шұбат, қымыз, қазы-қарта, құрт, сүзбе, ірімшік және тағы басқа да ұлттық тағамдардан дәм татты. Түрлі спорттық жарыстар болып, білектілер мен жеңімпаздар анықталып, сыйлықтармен марапатталды. Жиылған жұртшылық ашық аспан астында Ұлыстың ұлы күнін думанды көңілді күймен тойлады.