Tashenev University құрылтайға қатысты

Тараз қаласында Қазақстан студенттерінің Альянсы Республикалық студенттер қозғалысының оңтүстік өңірлік бірінші құрылтайы болып өтті. Құрылтай жұмысына Tashenev university студенттік жастар альянсының басшысы Аруза Аяпова мен спорт және дене шынықтыру факультетінің студенттік деканы Диана Жүрсіннің жетекшілігіндегі бір топ студенттер қатысты.
Құрылтай бағдарламасына сәйкес оған қатысушылар екі мың жылдық шежіресі бар Тараз шаһарының тарихымен жақыннан танысты. Іс шараны ұйымдастырушылар делегаттарды алдымен «Даңқ» мемориалдық орталығымен таныстырып, Бауыржан Момышұлының қаһармандық өнегесі жөнінде мағлұмат берді.
«Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде қала қонақтары осы өңірдің өткені мен бүгіні туралы қызықты деректерге куә болды, Қарахан баба, Айша бибі кесенелеріне барып, бабалар рухына тағзым етті. «Тектұрмас» тарихи-мәдени кешенінде жастар дала мәдениетінің көне сарынымен танысты.
Қазақстан студенттерінің Альянсы Республикалық студенттер қозғалысының оңтүстік өңірлік бірінші құрылтайында қазақстандық студенттік өмір мен жастардың білім алу мәселелеріне қатысты бірқатар маңызды мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда, құрылтай делегаттары студенттік іс-шараларды жоспарлау тақырыбы шеңберінде семинарларды, конференцияларды, мәдени іс-шараларды, қайырымдылық акцияларын, тағы басқа заманауи форматтағы көпшілік іс-шараларды ұйымдастырып өткізудің мүмкіндіктерін қарастырды.
Студенттердің бастамаларын дамыту шеңберінде құрылтайға қатысушылар спорт, мәдениет, ғылыми-зерттеу және әлеуметтік қызмет секілді әркелкі салалардағы студенттік жобалар мен бастамаларды қолдау мен ынталандыру мәселелері жөнінде өзіндік ойларымен бөлісті.
Жиын барысында студенттер ағымдағы мәселелерді шешуде жастардың рөлін жеке қарастырып, пікір білдірді. Оның аясында жастар студенттік өмірде кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салып, әлеуметтік әділеттілік жүйесін орнықтыру бойынша өз ойларын жеткізді. Сондай-ақ жастар денсаулығын қорғау мен сақтау бойынша өзіндік пікірлерін білдірді.

Құрылтай жұмысы «ALIANS IQ» интелектуалды ойынымен жалғасын тауып, BIZDEONTUSTIKTE әуенді кешімен қорытындыланды.