Сырдария аруы – 2018

"Сырдария" университетінің 20 жылдық мерейтойына орай жоспарланып, соның негізінде атқарылып жатқан іс-шаралардың легі алуан түрлі. Соның айқын айғағы университетте өткен ауқымды шаралардың бірегейі – "Сырдария аруы – 2018" атты арулар сайысы.

Оқу орнының көркі ақылына сай бұрымдылар арасында өткен сайыстың мақсаты – арулардың бойындағы нәзіктік, инабаттылық, тәрбиелілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білу қасиеттеріндегі даралықты дәріптеп, оны әйел даналығына жалғастыра түсу.

Жастар комитетінің бастамасымен қол алынған байқаудың алты кезеңнен ("Таныстыру", "Поэзия, менімен егіз бе едің?", "Өнерлінің өрісі кең", "Білімдіге дүние жарық", "Мен қазақ қыздарына қайран қалам...", "Үй тапсырмасы") тұратын сынында он ару додаға түсті:

  1. Серікбай Сымбат – "Химия-биология" мамандығының І курс студенті;
  2. Тоқтақұл Ұлбосын – "Химия-биология" мамандығының І курс студенті;
  3. Омар Айғаным – "Шет тілі: екі шетел тілі" мамандығының ІІ курс студенті;
  4. Кеңесбай Ақерке – "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығының І курс студенті;
  5. Құрманбай Жанат – "Шет тілі: екі шетел тілі" мамандығының І курс студенті;
  6. Орынбек Ақерке – "Құқықтану" мамандығының ІІ курс студенті;
  7. Амиралиева Қазына – "Музыкалық білім" мамандығының ІІ курс студенті;
  8. Досан Үкілімай – "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығының ІІІ курс студенті;
  9. Әбдіраманова Гүлдәурен – "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығының ІІ курс студенті;
  10. Садыбек Лаура – "Шет тілі: екі шетел тілі" мамандығының І курс студенті.

Сайысқа түскен аруларға Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің тәрбие істері жөніндегі проректоры, ф.ғ.к., доцент А.М.Байғұтова, т.ғ.к., доцент Г.Д. Сүгірбаева, № 121 мектеп директоры Сабыржанов Сәкен Ағманұлы, "САНҰР" қоғамдық телеарнасының директоры Г.Т.Саржанова және "Сырдария" университетінің Оқу істері жөніндегі проректоры, т.ғ.к., доцент С.Д.Мамраимов әділ қазылық жасады.

Ұйымдастырылған шараның басты құндылығы – қазақ қызы деген абыройлы, асқақ есімнің жастар санасындағы ғажап бейнесін қалыптастырудағы орасан зор рөлі, нақты қадамдары.

Университет құрылтайшысы Е.Сейілқызы демеушілік жасаған байқаудың таныстыру кезеңінде арулар ән ырғағымен би билесе, "Поэзия, менімен егіз бе едің?!" кезеңінде жыр өрнектерінен үзінділер оқыды.

Бақтарын сынаған қатысушылар сан алуан өнерлерімен қазақ аруының бойындағы сұлулық пен биязылық, әдептілік пен нәзіктікті ғана емес, сонымен қатар, қазақ қызына тән барлық қасиеттерді көрсете білді. Бірі Шараның ізіндей болып мың бұралса, бірі Ұлы Отан Соғысының батыр қызы Мәншүк Мәметованың монологымен сөйледі. Төртінші қатысушы Омар Айғаным қазақ халқының ұлттық биі "Үкілі аруды" билесе, Кеңесбай Ақерке "Балапан қаз" әнімен ұлттық өнерді дәріптеді. Сонымен бірге байқауға қатысушылар "Әпке" қойылымын сахналап, Ә.Нұршайықовтың "Махаббат қызық мол жылдар" туындысындағы Меңтайдың монологын көпшілікке тарту етті. Ұлттық құндылықтарды жаңғырту мұнымен де шектелген жоқ. Амиралиева Қазына күмбірлеген домбыраның құлағында күй өрнектерін тарқатты. "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығының студенті Досан Үкілімай Ш.Құдайбердіұлының "Қалқаман Мамыр" поэмасынан көрініс көрсетті, ал тоғызыншы нөмірлі қатысушы Әбдіраманова Гүлдәурен "Тауыс" биімен сахнаны ажарландыра түсті. Үнді халқының әні мен биін үйлестіре білген Садыбек Лаура ерекше өнерімен көзге түсе білді.

Қазіргі таңда орын алып жатқан саяси, тарихи бастамалар мен қазақ әдебиетіндегі классик жазушылардың туындыларынан құралған сұрақ-жауап кезеңінде әрбір қатысушы білімдері арқылы сынға түсті. Кезеңнен сүрінбей өткен нәзік жандылар жеке кәсіпкер Айгүл Оңалбайқызы ұсынған "Стефани" сән үйі киімдері арқылы әдемілік әлемін әрледі.

"Мен қазақ қыздарына қайран қалам..." кезеңінде арулар сән әлеміндегі соны үлгідегі көйлектерімен "Қазақстан студенттер сарайын" әсен нұрға бөледі. Қазақ халқының ұлттық дәстүрдегі таңбаларын киіз, кесте, сырмақ т.б. арқылы "Үй тапсырмасына" ерекше ықыласпен дайындалғандарын көрсетті.

Байқау соңында әділ қазылар алқасының шешіміне орай Серікбай Сымбат "Көрікті ару", Омар Айғаным "Үздік сән көйлегі", Орынбек Ақерке "Бұрымды ару", Досан Үкілімай "Көрермен көзайымы", Әбдіраманова Гүлдәурен "Парасатты ару", Садыбек Лаура "Өнерлі ару" номинацияларымен марапатталса, Амиралиева Қазына жүлделі ІІІ орын, Құрманбай Жанат жүлделі ІІ орын, Кеңесбай Ақерке жүлделі І орынды иеленді. Жоғары ұпайларды қоржынына жинаған Тоқтақұл Ұлбосын "Сырдария" университетінің 2018 жылғы аруы атанды.

"Сырдария аруы – 2018" байқауына қатысқан аруларға университет құрылтайшысы Е.Сейілқызы, университет ректоры С.С.Дайырбеков, факультет декандары, кітапхана бөлімінің директоры Г.Раеева және жеке кәсіпкер А.Оңалбайқызы мен А.Сейілқызының арнайы сыйлықтары тарту етілді.

Оқиға категориялары