СТУДЕНТТЕР МЕКТЕПТЕ ДИПЛОМ ҚОРҒАДЫ

ҚАЗАҚСТАНДА АЛҒАШ РЕТ!
СТУДЕНТТЕР МЕКТЕПТЕ ДИПЛОМ ҚОРҒАДЫ

Дуалдік жүйе заман талабы. Университет ректоры Қ. Байболовтың ұсынысымен 4 курс студенттері дипломдық жұмысын дуалдік жүйе аясында жалпы білім беретін мектептерге барып, қорғады. Бұл еліміз тарихында алғаш рет жүргізіліп отыр. Әзірге бұл жоба Шымкент қаласындағы 2 мектепте көрініс тауып, келешекте дәстүрге айналмақ. Таңдалып отырған екі мектеп те жәй жалпы білім беретін білім ұясы емес. Шымкент қаласындағы №38 мектеп-гимназиясы елімізде Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясының тірек мектептері санатына енген 6 жалпы білім беретін ұйымының бірі. 
Бүгін «Педагогика және Филология» факультеті «Филология» кафедрасының бітіруші түлектері осынау мектеп-гимназияда дипломдық жұмыстарын қорғады. «Мұндай тәжірибені елімізде алғаш рет Tashenev University қолданып отыр. Tashenev University білім алушылары өз пәндері бойынша мектеп мұғалімдерін даярлау білім бағдарламасын қорғады. Бұл университет әкімшілігінің пән мұғалімін даярлау ісін мектеппен байланыста кеңесе отырып шешудегі жұмысының жемісі. Дуалдік жүйенің негізгі мақсаты да оқу орны мен жұмыс берушінің стандартының бір-біріне сай келуі. Біз осы тұрғыдан бірігіп жұмыс істеу үшін өңірдегі бірқатар білім беру ұйымдарымен келісімге отырғанбыз. Диплом қорғау барысында оқу орнының қорытынды атестация комиссиясының төрағасы мен оның мүшелері және тәжірибелі практик мамандар, яғни мектеп мұғалімдері қатысып отыр»,--деп атап өтті «Педагогика және Филология» факультетінің деканы Шынар Ергешбаева. 
Ал, Н. Оңдасынова атындағы №38 мектеп-гимназисы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айжан Күрішбаева университетімізбен тығыз байланыс орнатқанын, студенттердің мектеп базасында іс-тәжірибе сабақтарын өткізіп жүргенін жеткізді. Сонымен қатар, осынау іргелі оқу орны білім алушыларының білімді, жауапкершілігі жоғары, адамдармен қарым-қатынаста сыпайылық танытатынын сөз етті. Аталған пилоттық жоба екі тарапқа да тиімді болатынын атап өтті. 
Ең алғаш болып «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін даярлау» білім бағдарламасының 4 курс студенті Бағдат Көпжасар дипломдық жұмысын қорғады. «Керімбек Сыздықов – Мұхтартанушы ғалым» атты тақырыптағы дипломдық жұмысының ғылыми жетекшісі аға оқытушы Рана Арынбаева. 
Бағдат комиссия мүшелерінің, мектеп ұстаздарының алдында да мүдірген жоқ. Ол осынау пилоттық жобаның дұрыс шешім екенін, түбінде мектепке мұғалім болып келетіндіктен дипломдық жұмыс барысында осындағы ұстаздардың талабына да назар аударғанын жеткізді.
 

Оқиға категориялары