Университет мақтанышы Шахзод Азия ойындарына барады

Шахзод Ташполатов -- Tashenev University дене тәрбиесі және спорт факультетінің 3 курс студенті. 
Спортта университетіміздің ғана емес, Шымкент қаласының намысын қорғап жүрген азамат. Ол бүгінде елімізде енді дамып келе жатқан қытайдың ушу-саньдо спорт түрімен айналысады. Талай байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген Шахзод жақында ғана Ресейде 22 мемлекеттің қатысуымен өткен «Мәскеу ушу жұлдыздарының турнирі» бойынша 1-орынды жеңіп алды. Оның алдында ғана Қырғызстандағы фестивалден жүлделі оралған ол 10 жылдан бері Қазақстан чемпионаттарында бәсекелестеріне бірінші орынды бермей келе жатыр. Талай мәрте жастар арасында Орталық Азия чемпионаттарына қатысты. Енді 75 келі салмақта ересектер арасында бақ сынап жүр. Бүгінге дейін 4 белдік иеленген. 
Ушу-саньдадан «ҚР спорт шебері» университетте білім ала жүріп, қаладағы №11 спорт мектебінде балаларды жаттықтырады. 
Ерекше ойынымен көзге түсіп жүрген Шахзод тамыз айында Қытайда өтетін Жазғы Азия ойындарына қатысуға жолдама жеңіп алды. Оның ендігі арманы осынау байрақты бәсекеде топ жарып, еліміздің туын көкке көтерсем дейді. Қазіргі таңда осынау жарысқа қызу дайындық үсінде. Тараз қаласында, одан ары Қытай еліндегі дайындық сайыстарынан соң, Гуанчжоудағы Азия ойындарына аттанады. 
Біз университет мақтанышы Шахзодтың жүлдемен оралуын тілейміз!