Студент қалай тамақтану керек?

Кейбір жандар «студент» дегенде «қарны аш халықты» көз алдына елестетеді. Расында да солай шығар. Шын мәнінде кей студенттердің қарны аш жүретін кездері де жетерлік. Таңғы асты елемей түсте бір-ақ ішіп жүретін студенттер бар. Алайда денсаулықтың аса маңызды екенін естен шығармаған жөн.
Қазіргі таңда студенттер көбіне тез дайын болатын астар мен фастфудты күнделікті тағамына айналдырып барады. Бұл бір жағынан уақыттың кейде аздығынан болса, бірде қалтаның жұқаруынан келіп туатын амал. Алайда мұндай тағамдардың құнарының мол емес екені анық. Құрамында дәрумендер жоқ, тез дайын дайындалатын тағамдар мен фастфудтан аулақ болғаныңыз абзал, Студент!
Ең біріншіден, студент күніне үш немесе төрт мезгіл тамақтану керек. Мезгілсіз тамақтану да асқазанның бұзылуына әкеліп соғады. Түскі асты ішу кезінде еш дүниені назарға алмай, асықпай тамақтанған дұрыс. Бұл да сіздің көңіл-күйіңіздің бірқалыпты болуына әсерін тигізеді.
Күні бойы сергек және шаршамай жүру үшін таңғы асты ішу керек. Күш-қуат, күндегі қимыл үшін аса маңызды екенін бір сәт естен шығармаған дұрыс. Ал студент үшін таңғы асқа түрлі жармаларды жегеннің пайдасы мол. Қарақұмық, күріш, жүгері және тары жармалары денсаулыққа пайдалы. Оларды таңертең асығыс сәтте жылдам дайындауға болады. Құрамында дәрумендер де жетерлік.
Университеттегі сабақтың бос уақытында асқазаныңыз шұрылдаса, йогурт, айран ішсеңіз немесе бутерброд, алма мен банан жегеніңіз дұрысырақ.
Үйге немесе жатақханаға оралған соң сорпа ішіңіз. Күніне бір мезгіл ыстық тамақ ішу – күніңіздің «алтын ережесі» болсын. Дәл осы уақытта болмаса да, таңертең не кешкісін ыстық аспен тамақтаныңыз.
Кешкі аста түрлі салаттар мен жеміс-жидектің болғаны дұрыс. Өйткені жатақханада тұратын студенттердің көбі «ауыр» және майлы асты кешкісін ішетіні белгілі. Бұл дегенің асқазанға салмақ түсіреді. Сондықтан, денсаулық – басты байлық екенін естен шығармайық, достар!
 

Оқиға категориялары