Отан тарихының оқытылуы талқыланды

Университетімізде жақында «Тарих және география» кафедрасының ұйымдастыруымен «Отан тарихын оқытудың қазіргі таңдағы кейбір әдіснамалық және әдістемелік өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті. Оған кафедраның профессор-оқытушылары мен «тарих» мамандығының студенттері қатысты. Танымдық-тағылымдық іс-шараны кафедраның доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Мырзабай Мейірбеков жүргізіп отырды.
Басқосуда Қазақстан тарихын оқытудың кейбір өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Отан тарихының жазылуы мен оқытылуындағы кешегі еуроцентрлік, ресейцентрлік және тар таптық көзқарастардың салдары мен зардабы, қазақ өркениеті және оның әлемдік өркениетте алар орны айтылды. Одан бөлек, қазақ халқының этногенезі мәселесі, онда сақтардың алар орны, көне сақтар мен кейінгі қазақтардың этносаяси, этномәдени дамуындағы ұқсастықтар мен сабақтастықтар, олардың қазіргі тарихымыздағы жазылуы мен оқытылуы, қазақ мемлекеттілігі мен оның даму кезеңдері де сөз болды. Сондай-ақ, қазақ-жоңғар соғыстарының тарихи маңызы мен оның кейбір «ақтаңдақтары», сондай-ақ ел тәуелсіздігі жолындағы ұлт-азаттық күрестердің кейбір «ақтаңдақтары» және бұл мәселелердің жазылуы мен оқытылуындағы кейбір олқылықтар мәселелері қызу әңгіме өзегіне айналды.
Осынау шара қатысушылардың танымдық көкжиегін кеңейтіп, рухани ләззат сыйлады, жастарды тарихтан тағылым ала білуге үйретті.