Соғады жүрек
- 1 view
9-ақпан күні қазақ поэзия әлемінде алтын әріптермен таңбаланатын ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың дүние есігін ашқан күнін атап өту дәстүрге айналған. Жыл сайын өткізілетін поэзиялық іс-шараның биылғы көрінісі айрықша сипатта болып өтті.
Университеттің "Гуманитарлық білім" факультеті, "Қазақ тілі мен әдебиеті" кафедрасы, "Кітапхана" бөлімі бірлесіп ұйымдастырған "Соғады жүрек" атты әдеби-сазды кешті жандандыра түскен – студент жастар.
Ұлттық поэзия көшін алға сүйреген бірегей ақын Мұқағали Мақатаев көзі тірі болса, биыл сексеннің жетісіне келер еді. Қазақтың біртуары Абай, абызы Жамбыл, өр рухты Маханбет, сыршыл лиригі Мағжан, Төлеген сияқты тұлғаларымыздың асыл ой қазынасы мен жауһар жырлары қазақ халқының рухани әлемін байыта түссе, Мұқағали жырлары поэзияның асқар тауы, ұлылардың өшпес ізі.
Өлең-жырдың алыбына арналған айтулы күн таңертеңнен бастау алды. Факультет деканы, кітапхана бөлімі, "Қазақ тілі мен әдебиеті" кафедрасының ұжымы мен студенттері университеттің бас оқу ғимаратында Мұқағали Мақатаевтың туындыларын оқып, ақиық ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады, ғұмырнамалық презентация жасады. Оқу орнының студенттері мен профессор-оқытушылары ақынның өлеңдерін оқып, әндерін айтты. "Жиырма бірінші ғасыр ұрпақтарының құрдасымын", - деген ақынның туған күніне арналған әдеби-сазды кеш "Қазақстан студенттер сарайында" жалғасын тапты.
Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы дерек беретін Мұқағали Мақатаев бейнебаяны кештің келбеті ретіндегі қойылым болды. "Аққулар ұйықтағанда" поэмасы қанша рет сахналанса да, бояуы өшпейтін классикалық туынды. Осы туындының негізінде мың бұралған арулар С.Мұздахар, А.Өміре, Г.Әбдіраманова, А.Құттыбай, Ж.Тұрғанбекова "Аққу" биімен кешті жалғастырды. А.Данияр мен А.Кеңесбайдың орындауында "Қазақия" әні шырқалды.
Ешқашан сөнбейтін мұра қалдырған Мұқағали Мақатаевтың поэзиялық жырлары төрт тақырыптық-композициялық кезеңмен өрнектелді. Факультет студенттері А.Өміре, Ү.Досан, З.Оразбек, Н.Нұртас, Г.Әбдіраманова "Туған жерге тағзым" поэзиялық композициясымен "Туған жерім", "Туған жер тудырған ой", "Қарасаз", "Отан туралы", "Сүйемін өскен отаным" өлеңдері арқылы ақынның туған елге деген махабатын, сағынышын, толғаныс-тебіренісін жеткізе білді. Осы орайда ақын күнделігінде тізбектелген ой орамдары еріксіз еске түседі: " - Менің қымбатты достарым! Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, творчествомды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңізде болсын, менің өлеңім жеке тұрғанында түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма іспетті. Басы және аяғы бар.
...Әрбір жазатын адам оқырманды күлдіріп абыржыта алады (бәрі оның шеберлігіне байланысты), бірақ оның жанына кіріп, есіңде мықтап қалу үшін барынша ашық, сезімтал әрі түсінікті болу қажет. Кейде қарапайым түсіне білетін көпшілік сенің образдарың мен прообраздарыңды артқы қатарға ысырып тастайды. Әрбір оқырман көркем шығармадан өзін, өз жанының бөлшегін іздейді" (М.Мақатаев "Күнделігі", 1976 жыл 14 ақпан).
Алғашқы поэзиялық композиция Н.Эргашбаеваның орындауындағы "Туған жерге" әнімен жалғасып, ақынның өз дауысындағы "Есіңе мені алғайсың" жыры көрерменге жол тартты.
Екінші поэзиялық композиция "Махаббат сен әлі тірі ме едің" тақырыбындағы өлеңдермен өрілді. Ү.Досан мен А.Данияр "Махаббат диалогы", М.Муталиев пен А.Рыспай "Бірінші хат", Х.Расулова "Махаббат па?", Ә.Егемқұл "Махаббат", А.Даниярұлы мен А.Өміре "Екінші хат", Б.Сатуов пен Б.Боранбай "Жігіт сөзі" атты жыр жолдарын Мұқағалиша сезініп, ақын жүрегіндегі құдіреті күшті ұлы сезімді бейнеледі. "Сенің көзің" әні өнер сарайын сезімге бөлесе, "Мұқағали ізімен" қойылымы көрерменнің поэзия саңлағына деген көзқарасына, ой-парасатына айқын мән кіргізді.
"Болашаққа сенім" поэзиялық композиция кезеңінде "Болашаққа", "Қызық өмір", "Қарлығашым, келдің бе?", "Өмір жайлы", "Кетер ме екем", "Кең дүние", "Бақыт" өлеңдері жырланып, Мұқағалидың өз дауысындағы "Бұлқынып жатыр" туындысы тыңдағандардың жүрегіне, санасына-сезіміне жаңа бір ой салғандай әсерлендірді. Эстрада әндеріне арқау болып жүрген ақынның шығармасы "Иіскейін" А.Даниярұлының орындауында шырқалды, сергіту сәтінде көрермендер жыр жолардарын жалғастырып, өлеңдерін оқып тебіренді.
"Соғады жүректің" соңғы композициясы "Арнадым саған жырымды" деп аталып, "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығының студенттері Е.Ермекбай, А.Қадір, Ж.Қалдыханова "адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жаршысы" болған Мұқағали Мақатаевқа жүрекжарды жырларын арнады. Сонымен бірге ақынның арнау бағытындағы "Шеше, сен бақыттысың", "Әке", "Ақын ініге", "Құрдастарға", "Әйелдер-ай", "Құрбым", "Шәмілге" өлеңдерін шабыттана жырлады. Мерейтойға арналған әдеби-сазды кештің соңы Ж.Бектастың орындауындағы "Мен деп ойла" әнімен қорытындыланды. Іс-шараға белсене қатысқан студенттер, оның ішінде А.Данияр, М.Муталиев, Б.Сатуовтың есімдері айрықша аталып, ақынның өлеңдері топтастырылған кітаптармен марапатталды.
Өлеңге өз жан дүниесін ашып, өлеңнің сырлы құпияларын жария еткен ақынға арналған кеште поэзияның, махаббаттың, жастық шақтың рәмізіндей боп Мұқағали Мақатаев рухы асқақтады. Көркем сөзде кесте тіккен ақынға деген құрмет мызғымас биік тұғырға көтерілді.
Оқиға категориялары
►"Zan" деректер қоры ► Tilqural.kz ► Tilalemi.kz ► Balatili.kz ► Emle.kz ► Termincom.kz ► Sozdikqor.kz ► Qazcorpora.kz ► Qujat.kz ► Tilmedia.kz ► Atau.kz ► Abai.institute.
2021-2022 оқу жылында жүргізілген сауалнамалар
✅ Сауалнама «Білім алушылардың ЖОО-дағы ғылыми-зерттеу жұмыстарды ұйымдастыруға қанағаттануы»
✅ Сауалнама «ЖОО-дағы оқытушыларды ҒЗЖ тарту»
✅ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес»
✅ «ПОҚ-тың жоғарғы оқу орнына қанағаттануы»
✅ «Білім алушылардың білім беру нәтижелеріне қанағаттануы»
✅ «ЖОО білім алушыларының өздеріне көрсетілетін қолдау қызметтеріне қанағаттануы»
✅ «Оқытушы студент көзімен» сауалнамасы
✅ Жұмыс берушінің түлектердің дайындық сапасына қанағаттануы сауалнамасы
☑ Университетте жүргізілген анкеталық – сауалнама туралы мәлімет