Міндеттер межеленіп, жоспар жүйеленді

Tashenev University әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ғ.Битұрсынның жетекшілігімен бүгін оқу орнымыздың «Қонаев орталығы» оқу ғимаратында арнайы мәжіліс өтті. Педагогика және жаратылыстану, ІТ экономика және құқық, спорт және денешынықтыру факультеттерінің декандары мен кафедра меңгерушілері, аға тәлімгерлері, университеттің шаруашылық қызметінің жауапты азаматтары және жастар тәрбиесі бойынша сектор жетекшілері қатысқан жиында білім алушылар контингентімен атқарылатын ұйымдастырушылық- тәрбие жұмыстарының өзекті мәселелері қаралып, міндеттер ауқымы белгіленді.

Мәжілісте бірінші курс студенттері арасында өзін-өзі басқару құрылымын түзуге жәрдем беру, жастарды серпінді бастамаларға жұмылдыру, олардың ішіндегі белсенді жастарды анықтап, университетішілік ұйымдастыру жұмыстарына тарту, білім алушылар қатарынан студенттік топтардың жетекшілерін белгілеу, әр топқа тәлімгерлерді бекіту сынды мәселелер бойынша жауапты азаматтар өзара пікір алмасып, алдағы межелерді белгіледі. Әр бағыт бойынша арнайы іс-шаралар жоспарлары қабылданып, олардың орындалуы университет басшылығының тұрақты бақылауында болмақ.

Жұмыс жиыны барысында сондай-ақ студенттерге медициналық қызмет көрсету бойынша оларды денсаулық сақтау ұйымдарына тіркеу, оқу ғимараттарының дайындығы, студенттік үйлердің қызмет көрсету сапасын қадағалау, университеттік кешендерде санитарлық тазалықты сақтау және абаттандыру жұмыстарын жүргізу сынды жалпы ұйымдастырушылық мәселелер, жатақханаға орналастыру жайы да қаралып, бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.