АНАЛАР МЕН АРУЛАР МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ

"Сырдария" университеті жыл сайынғы дәстүр бойынша әйелдер мерекесін сән-салтанатпен қарсы алды. Әдемі безендірілген сахнада "Дене тәрбиесі және спорт" факультетінің ұйымдастыруымен Аналар мен аруларға арналған бір керемет кеш болды. Керемет кеш университетіміздің ректоры Серік Сансызбайұлының мерекелік құттықтау сөзімен ашылды:

"Құрметті аналар мен арулар, Сіздерді барша азаматтың көңілін жадырата келген 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық табыстар, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бірлік-береке, кенен табыс, қызметте өрлеу және махаббат пен әсемдікті тілеймін" - деді.

Профессор, педагогика ғылымдарының докторы Гүлнар Тәжібайқызы асыл аналар мен аруларды құттықтай отырып, кереметтей монолог оқып берді. Жастар бөлімінің маманы Е.Ермекбай "Қыз көктем" атты жырын барша аруларға арнады.

Жырмен басталған мерекелік кеште университетіміздің түлегі Ә.Орынбай "Қызарған алма", "Найзағай көңіл", М.Бегалы "Вальс" атты әсем де әуезді әндерін тарту етті.