7-мамыр – Отан қорғаушылар күні

«Сырдария» университетінде  7-мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған «Отан қорғау – ерге сын» атты тәрбиелік іс-шара болып өтті. Тәрбиелік-тағылымдық маңызы зор бұл іс-шараны «Сырдария» университетінің ардагер ұстазы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Кокумбаева Торғай Игенқызының жетекшілігімен «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасының  1 және 2 курсының белсенді студенттері өткізді.
Қазақ халқының бүкіл тарихындағы барлық күресі өзінің қасиетті Отанын, атамекен жерін және оның тәуелсіздігін қорғау жолындағы күрес екендігі белгілі. Әсіресе, бүкіл адамзат тарихындағы ең сұрапыл екінші дүниежүзілік соғыстың басты құрамдас бөлігі болып табылатын 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының орны ерекше. Осынау толарсақтан қан кешкен сұмдық соғыста қазақстандықтар майданда да, тылда да зор ерліктер көрсетіп, жауды жеңуге өлшеусіз үлес қосты. Бүгінгі іс-шара халқымыздың осы ұлы ерлік күресін  еске түсіріп, рухымызды көтерді. Отан қорғаушыларға арналған әсем әндер шырқалып, билер биленді. Атап айтқанда, аталған білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері «Еркеназ», «Катюша» билерін мың бұрала билесе, 2-курс студенті Оразалы Шұғыла «Ризамын» әнін шырқап, қатысқан көпшілікті тәнті етті. Сонымен бірге «Сарбаздар», «Арман-ай», «Әке туралы жыр», «Тілек», «Катюша» әндерін хормен нақышына келтіре шырқады. Сондай-ақ, студенттер Отан қорғаушыларға, университеттің ер-азаматтарына арнап белгілі ақындардың өлеңдерін және өздерінің жыр жолдарын оқыды, ізгі тілектерін жеткізді.
Тәрбиелік іс-шараның соңында сөз алған факультет деканы, тарих ғылымдарының кандиаты, доцент Мейірбеков Мырзабай Балтабайұлы көпшілікті Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, өзінің ақжарма тілегін жеткізді және белсенді студенттерді алғыс хаттармен марапаттады.     

Мейірбеков М.Б.
«Филология және гуманитарлық пәндер» 
факультетінің деканы, т.ғ.к., доцент