ЖЕТІСАЙДЫҢ РАХАТЫ ЖАСТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

«Сайыпқыран» ақпаратты-сараптамалық портал

Жетісай қаласындағы «Сырдария» университетінің ұйымдастыруымен қоғам белсендісі, «ONTUSTIK» телеарнасының белді журналисті Рахат Арғынбаймен кездесу болып өтті.
Кездесуге Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков пен «Сырдария» университетінің тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Замзагүл Сламбекова бастаған оқытушы профессорлары, оқу орнының студенттері мен Жетісай қаласы мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары қатысты.
         Әлемнің бірнеше белді жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан университетте өткен басқосуда жастар Рахат Ердәулетұлына балалық шағы мен бүгінгі күніне, болашақ жоспарлары мен мақсаты жайында сұрақтар қойып, білім мен ғылым, мәдениет мен спорт, журналистика мен блогерлік салаларына, қазіргі қоғамның кемшін тұстары мен жеткен жетістіктеріне қатысты ойларымен бөлісті.
           «Мен үшін туған жердің топырағы қашан да қымбат, қашан да ыстық, туған жердің әрбір тұрғыны бауырымдай қадірлі. Қай жерде жүрсем де сіздердің жеткен жетістіктеріңізбен мақтанып жүремін. Еліміздің бүгінгі жастары – бізге мемлекетіміз білім мен ғылым, кәсіпкерлік, спорт пен мәдениет, әлеуметтік, IT саласымен қатар басқа да бағыттардағы мол мүмкіндіктер қарастырып, үлкен сенім артып отыр. Сондықтан, болашақтарыңызды бүгіннен қалыптастырып, берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдалана біліңіздер. Қай салада болмасын білімді, білікті мамандар қоғамға әрдайым керек» деді өз сөзінде Рахат Ердәулетұлы.
             Сонымен қатар, жастар кездесу барысында кітап оқу мен әлеуметтік желілердің пайдасы, ондағы артықшылықтар жайында пікір алмасты. Ұлттық код пен ұрпақтар сабақтастығы, салт-дәстүр құндылықтары мен ұлтаралық татулық жайында да сұрақтар қойылды.
          «Бүгін ауданымыздың жастары үшін өте керемет кездесу өтті. Өйткені, өзіміздің замандасымыз, Жетісайдың тумасы Рахат Ердәулетұлы келіп, жас та болса студенттерімізді жігерлендіретін керемет ойларымен бөлісті. Ақыл-кеңесін берді. Бүгінгі кездесуге қатысқан әрбір жас болашақтарына жаңадан жоспар жасап, өмірлеріне азық боларлық өнеге алды деп сеніммен айта аламын» дейді шараның ұйымдастырушысы, «Сырдария» университетінің жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Ақерке Тұрсын.
         Кездесу соңында университет ұжымы қонақтарға сый-сияпатын жасап, алғыстарын білдірді. Естелік суретке түсті.


Бауыржан НАЙМАНОВ, 
Жетісай ауданы.

https://www.sayipqiran.kz/?p=5631

Жаңа пікірді жазу

Ограниченный HTML

  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a href hreflang> <em> <strong> <cite> <blockquote cite> <code> <ul type> <ol start type> <li> <dl> <dt> <dd> <h2 id> <h3 id> <h4 id> <h5 id> <h6 id>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.
  • Web page addresses and email addresses turn into links automatically.