🇰🇿⚡️TASHENEV UNIVERSITY-ДЕ ЖҰМАГҮЛ СӘУІРБАЕВА АТЫНДАҒЫ ЖАҢА ОҚУ КОРПУСЫ АШЫЛДЫ
2025-10-24
Медиатека / Жаңалықтар / 🇰🇿⚡️TASHENEV UNIVERSITY-ДЕ ЖҰМАГҮЛ СӘУІРБАЕВА АТЫНДАҒЫ ЖАҢА ОҚУ КОРПУСЫ АШЫЛДЫ
Бүгін, Республика күні қарсаңында, Tashenev University базасында Еңбек Ері, еңбекқорлықтың нағыз символы атанған Жұмагүл Сәуірбаева есімін иеленген жаңа оқу корпусының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми қауым өкілдері, білім мен ғылым саласының ардагерлері қатысты.
Салтанатты жиынды университеттің Басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Түркістан облысының Құрметті азаматы Оналбай Аяшев ашып берді.
«Бүгін біз жаңа ғимараттың ғана емес, білім мен спорт, шығармашылықтың жаңа кеңістігінің ашылуына куә болып отырмыз. Аумағы 3400 шаршы метрден асатын бұл корпус заманауи спорт залымен, 300 орындық акт залымен, кітапханамен, электронды ресурстық орталықпен және соңғы буындағы интерактивті тақталармен жабдықталған 25 оқу аудиториясымен қамтылған.
Алдағы уақытта мұнда IT-зертхана мен нанотехнологиялар саласындағы ғылыми зертхана өз жұмысын бастайды.
Бұл корпус тек білім ордасы емес, жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыратын орталық болмақ. Ал бізді алда одан да ауқымды міндеттер күтіп тұр — Шымсити шағынауданында жалпы аумағы 20 гектардан асатын заманауи кампус салу жоспарда бар. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің білім беру инфрақұрылымын нығайтып, Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді», — деді Оналбай Аяшев.
Сөз алған Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев университеттің өңірдің ғылымы мен кадрлық әлеуетін дамытудағы рөлін ерекше атап өтті. Университеттің стратегиялық дамуы мен ғылыми жетістіктері жөнінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлжан Сүгірбаева баяндама жасады.
Құрметті қонақтар қатарында Жұмагүл апайдың қызы, философия ғылымдарының докторы Гүлмира Сәуірбаева, Тұран ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Мелдебеков,
“TU Университет” АҚ акционері Серік Оңалбайұлы және педагогикалық еңбек ардагерлері және академиялық қауым өкілдері болды.
⸻
Жаңа корпус — заманауи университеттік кеңістікке қадам
Жаңа оқу ғимаратының жалпы ауданы 3400 шаршы метрден асады. Төрт қабатты бұл ғимаратта арнайы жабындысы бар заманауи спорт залы, 300 орындық акт залы, екі электронды ресурстық зал, кітапхана және оқу залы бар.
Оқу процесіне арналған 25 аудитория мен дәріс залы заманауи интерактивті тақталармен жабдықталған. Жақын уақытта мұнда IT-зертхана мен нанотехнологиялар бойынша ғылыми зертхана ашылады.
Ғимараттың жобалық қуаттылығы — бір ауысымда 2300 студент, ал жалпы тәулігіне 4,5 мыңға жуық адамды қамти алады. Жаңа корпуста спорт, IT және жаратылыстану ғылымдары, сондай-ақ мәдениет факультеттері орналасады.
⸻
Tashenev University — серпінді дамып келе жатқан жоғары оқу орны
Жұмабек Ахметұлы Ташенев атындағы университет бүгінде 62 бакалавриат және 12 магистратура бағдарламасын іске асырады. Мұнда 11 094 студент білім алуда, оның ішінде шамамен 500 студент мемлекеттік және ішкі грант иегерлері.
Биылғы қабылдау науқаны ерекше көрсеткіш көрсетті — өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге өсті, университетке шамамен 2400 жаңа студент қабылданды.
Оқу үдерісі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі, бұл түлектердің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді.
Университет иелігінде жалпы ауданы 15 000 шаршы метрден асатын 7 оқу корпусы, 4 жатақхана, Жасанды интеллект орталығы, лингафон кабинеті, инклюзивті орталық және тәулік бойы жұмыс істейтін коворкинг-зона бар.
Барлық білім беру бағдарламалары IQAA және НКАОКО тәуелсіз аккредиттеу агенттіктері тарапынан 5 жыл мерзімге халықаралық деңгейде аккредиттелген.
Университетте 380-нен астам оқытушы еңбек етеді, олардың арасында академиктер, ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD дәрежелі ғалымдар және шетелдік мамандар бар.
Ғылыми-зерттеу және инновациялық бағыттарға айрықша назар аударылған. Гранттық және шаруашылық келісімшарттық жобалардың жалпы көлемі 90 млн теңгеден асады.
Зерттеу жұмыстары инновациялық технологиялар, тұрақты даму, цифрлық трансформация және педагогикалық зерттеулер бағыттарында қарқынды дамып келеді.











