Tashenev University: халықаралық ынтымақтастық пен жаңа мүмкіндіктер апталығы
background

Tashenev University: халықаралық ынтымақтастық пен жаңа мүмкіндіктер апталығы

2026-11-23

Медиатека / Жаңалықтар / Tashenev University: халықаралық ынтымақтастық пен жаңа мүмкіндіктер апталығы

Tashenev University: халықаралық ынтымақтастық пен жаңа мүмкіндіктер апталығы

Өткен апта Tashenev University үшін маңызды халықаралық іс-шараларға, нәтижелі кездесулерге және жаңа кәсіби байланыстарға толы болды. Халықаралық форумдарға қатысу, шетелдік университеттермен ынтымақтастық орнату және нақты келісімдерге қол жеткізу университетіміздің халықаралық білім беру кеңістігіндегі беделін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

📍 16 қараша — Шымкент қаласындағы халықаралық форум

Tashenev University қабырғасында «Болашақ университеті: жасанды интеллект дәуіріндегі көшбасшылық, зерттеулер және білім беру» атты халықаралық форум өтті.

Форумға Қазақстан мен шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері, ғалымдар, білім беру, ғылым және жасанды интеллект саласындағы сарапшылар қатысты.

Қатысушылар қатарында Мичиган мемлекеттік университеті (АҚШ), Назарбаев Университеті, Иорданияның Қолданбалы ғылымдар университеті, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Варна менеджмент университеті (Болгария) және басқа да білім беру ұйымдарының өкілдері болды.

Форум барысында университеттерді басқару, білім беруді трансформациялау, ғылыми зерттеулерді дамыту, жасанды интеллект технологияларын енгізу және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Осы күні университетімізге Венгрияның Алматы қаласындағы Бас консулы Саболч Карой Сёке және вице-консул Петер Седеркени арнайы сапармен келді.

Кездесу барысында Венгрия университеттерімен ынтымақтастықты дамыту, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейту, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыру, сондай-ақ мәдени және кәсіби байланыстарды нығайту перспективалары қарастырылды.

📍 18–19 қараша — Астана қаласындағы III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы

18–19 қараша күндері Астана қаласында өткен III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумына қатысу аптаның маңызды оқиғаларының бірі болды.

Форум аясында Tashenev University мен Болгарияның Варна менеджмент университеті (Varna University of Management) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қол қою рәсімі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі басшылығының қатысуымен өтті.

Аталған меморандум бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, студенттер мен оқытушылар алмасуға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және Қазақстан мен Болгария университеттері арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Форум барысында шетелдік университеттердің өкілдерімен, қазақстандық әріптестермен және халықаралық серіктестермен бірқатар нәтижелі кездесулер өткізілді.

Кездесулерде өзара ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары талқыланып, тәжірибе алмасу және алдағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру жолдары белгіленді.

📍 Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен форум

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен ауқымды форумға қатысу ерекше маңызға ие болды.

Форум барысында еліміздің стратегиялық даму бағыттары айқындалып, жаһандық өзгерістер жағдайында білімнің, ғылымның, инновацияның және адами капиталдың маңыздылығы атап өтілді.

Бұл басымдықтар жоғары оқу орындарының алдына жаңа міндеттер қойып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мен еліміздің зияткерлік әлеуетін дамытудағы жауапкершілігін арттыра түседі.

📍 QS Eurasia Forum

Аптаның тағы бір маңызды оқиғасы халықаралық QS Eurasia Forum алаңына қатысу болды.

Форум түрлі елдердің университет басшыларын, халықаралық сарапшыларды және білім беру қауымдастығының өкілдерін біріктірді.

Іс-шара жоғары білім берудің жаһандық үрдістерін талқылауға, халықаралық тәжірибе алмасуға, жаңа кәсіби байланыстар орнатуға және болашақ серіктестіктің перспективалы бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.

Мұндай халықаралық алаңдар университеттің әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдасуына, ғылыми және академиялық ынтымақтастықты кеңейтуіне, студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруына ықпал етеді.

Халықаралық ынтымақтастық — тұрақты дамудың негізі

Өткен апта университеттердің болашағы ашық диалог, халықаралық серіктестік және бірлескен күш-жігер арқылы қалыптасатынын тағы бір мәрте көрсетті.

Әрбір кездесу жаңа идеяларға, кәсіби тәжірибеге және нақты жоспарларға жол ашты.

Алдағы басты міндет — қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобаларға айналдырып, олардың нәтижесін университеттің дамуына, білім сапасын арттыруға және студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға бағыттау.

Барлық форум ұйымдастырушыларына, халықаралық серіктестер мен әріптестерге сындарлы диалог, сенім және ынтымақтастыққа дайындықтары үшін алғыс білдіремін.

Tashenev University халықаралық байланыстарын нығайтып, білім, ғылым және инновация саласындағы жаңа мүмкіндіктер көкжиегін кеңейтуді жалғастырады!