Тәшенев университетінде 9 елдің өкілдері мен 14 жоғары оқу орнын біріктірген халықаралық форум өтті
2026-11-16
Тәшенев университетінде 9 елдің өкілдері мен 14 жоғары оқу орнын біріктірген халықаралық форум өтті
2026 жылғы 16 қарашада Шымкент қаласындағы Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университетте «Болашақ университеті: жасанды интеллект дәуіріндегі көшбасшылық, зерттеулер және білім беру» атты халықаралық форум өтті.
Ауқымды академиялық жиынға әлемнің 9 елінен және 14 жоғары оқу орнынан өкілдер қатысып, жасанды интеллект дәуіріндегі жоғары білім берудің болашағын, ғылыми зерттеулерді дамыту мен университеттердің жаңа миссиясын талқылады.
Форум жұмысы басталмас бұрын Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің туған келіні Фатима Сыдыққызы Тәшенева қатысушыларға құттықтау сөз арнап, халықаралық жиынның жұмысына сәттілік тіледі.
Форумға 🇰🇿 Қазақстан, 🇺🇸 АҚШ, 🇯🇴 Иордания, 🇧🇬 Болгария, 🇷🇺 Ресей, 🇰🇬 Қырғызстан, 🇳🇱 Нидерланд, 🇫🇷 Франция және 🇵🇹 Португалия елдерінің ғалымдары, жоғары оқу орындарының басшылары, халықаралық сарапшылар мен білім беру саласының өкілдері қатысты.
← Фотоларды саусақпен немесе тінтуір дөңгелегімен айналдырыңыз →
Басшылықтың құттықтау сөзі
Форумның ашылуында Tashenev University Басқарма төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Оңалбай Аяшев құттықтау сөз сөйледі.
«Бүгінгі таңда жасанды интеллект білім беру жүйесінің даму бағытын түбегейлі өзгертіп отыр. Бұл — университеттер үшін жаңа мүмкіндіктермен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейтін кезең. Біз дәстүрлі білім беру тәсілдерін заман талабына сай жаңғыртып, ғылым мен инновацияны ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауымыз қажет. Болашақ университеті — тек білім беретін мекеме емес, ол жаңа идеялар мен ғылыми жаңалықтардың, технологиялық шешімдердің орталығы болуы тиіс», — деді Оңалбай Аяшев.
Екі пленарлық сессия
Форум аясында екі пленарлық сессия және арнайы тақырыптық бөлім ұйымдастырылды.
Алғашқы пленарлық сессия «Жасанды интеллект және білім беруді трансформациялау: университеттің жаңа миссиясы» тақырыбына арналды. Онда жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу, цифрлық трансформация, академиялық басқару және жоғары білім сапасын арттыру мәселелері қарастырылды.
Екінші пленарлық сессия «Университеттік көшбасшылық, ғылым және өзгерістер дәуіріндегі жаһандық әріптестік» тақырыбында өтті. Қатысушылар халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту, ғылыми зерттеулердің әлеуетін арттыру және университеттердің жаһандық білім кеңістігіндегі орнын нығайту жөнінде пікір алмасты.
Халықаралық спикерлер
Халықаралық форумда 🇺🇸 АҚШ-тың Мичиган мемлекеттік университетінің профессоры, халықаралық зерттеулер жөніндегі декан орынбасары Амита Чудгар, 🇧🇬 Болгарияның Варна менеджмент университетінің ректоры Красимира Станева, 🇯🇴 Иорданиядағы Қолданбалы ғылымдар жеке университеті президентінің ғылыми зерттеулер жөніндегі көмекшісі Мохаммад Аль Наджжар, 🇷🇺 Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының профессоры Елена Бережнова, 🇫🇷 Францияның Лимож университетінің халықаралық және еуропалық байланыстар жөніндегі вице-президенті Дидье Цала Эффа, 🇵🇹 Португалияның Лиссабон университеті Жоғары техникалық институтының президенті Рожериу Коласу және басқа да халықаралық сарапшылар сөз сөйледі.
«Жасанды интеллект жоғары білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, оқыту мен ғылыми зерттеулердің жаңа формаларын қалыптастыруда. Бүгінгі университеттер технологиялық өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, оларды білім сапасын арттыру мен ғылыми жаңалықтарға жол ашатын тиімді құрал ретінде пайдалануы керек. Мұндай халықаралық форумдар әлемдік академиялық қауымдастық арасындағы тәжірибе алмасуға және бірлескен зерттеу бастамаларын дамытуға үлкен мүмкіндік береді», — деді Амита Чудгар.
«Қазіргі кезеңде университеттердің дамуы халықаралық әріптестікпен, тәжірибе алмасумен және инновациялық шешімдерді енгізумен тығыз байланысты. Жасанды интеллект жоғары білім беру жүйесіне жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Мұндай халықаралық кездесулер университеттер арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, болашақтағы бірлескен ғылыми және білім беру жобаларына негіз қалайды», — деп атап өтті Красимира Станева.
Практикалық бөлім және зертханаларға сапар
Арнайы бөлімде болашақ университетінің тәжірибелері мен практикалық шешімдері таныстырылды. Мичиган мемлекеттік университетінің профессоры Дуглас К. Хартман, Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының әкімшілік директоры Гибрат Құрманов және басқа да сарапшылар білім беру технологиялары, жасанды интеллектіні қолдану және инновациялық экожүйені дамыту бағыттарында баяндамалар жасады.
Форум қонақтары Tashenev University-дің жасанды интеллект зертханасы мен Tomorrow School білім беру кеңістігін аралап, университеттің ғылыми әзірлемелерімен, студенттік жобаларымен және практикалық оқыту мүмкіндіктерімен танысты.
Меморандумдарға қол қою
Форум аясында Tashenev University алаңында жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға да қол қойылды. Бұл құжаттар академиялық байланыстарды нығайтуға, ғылыми-зерттеу саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және білім беру бағытындағы халықаралық әріптестікті кеңейтуге негіз болады.
Осылайша, Tashenev University алаңы түрлі елдердің жоғары оқу орындары мен академиялық қауымдастығын тоғыстырған халықаралық диалог пен серіктестіктің маңызды орталығына айналды. Форум Шымкент қаласының халықаралық академиялық кеңістіктегі байланыстарын кеңейтіп, университеттің жаһандық білім беру және ғылыми ынтымақтастықтағы рөлін айқындай түсті.
Tashenev University жасанды интеллект дәуірінің талаптарына сай білім беру, ғылым және инновация бағыттарын дамытып, халықаралық білім кеңістігіндегі өз орнын нығайтуды көздейді.
















