Тәшенев университетінің студенті – халықаралық турнирлердің чемпионы Өткізілген күні: көрсетілмеген
Тәшенев университетінің студенті – халықаралық турнирлердің чемпионы!
Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеттің «Экономика және құқық» факультетінің 3-курс студенті Кумисбеков Абдулла джиу-джитсудан өткен халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, Қазақстанның намысын абыроймен қорғады.
Жас спортшы Қытай Халық Республикасында өткен «Abu Dhabi Grand Slam» халықаралық турнирінде жеңіске жетіп, чемпион атанды. Сонымен қатар Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында ұйымдастырылған «AJP Tour Continental Asia» жарысында да қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді.
Екі халықаралық турнирде қатарынан жеңіске жету – спортшының қажырлы еңбегінің, жүйелі дайындығының, спорттық тәртібі мен жаңа жетістіктерге деген ұмтылысының нәтижесі.
Абдулла үшін бұл жеңістер тек жеке жетістік қана емес, сонымен қатар Қазақстанды халықаралық спорт аренасында лайықты танытып, еліміздің көк байрағын биікте желбіретуге және туған университетінің абыройын арттыруға берілген үлкен мүмкіндік.
Кумисбеков Абдулла:
«Әрбір жарыс – өзіңді жаңа қырынан сынап, мүмкіндігіңді дәлелдеуге берілген мүмкіндік. Халықаралық турнирлерде Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көріну мен үшін үлкен мақтаныш. Бұл жетістіктерімнің артында күнделікті жаттығу, тәртіп пен табандылық жатыр. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырып, еліміздің көк туын әлемдік аренада желбіреткім келеді», – деді спортшы.
Университет ұжымы студентімізді жарқын жеңістерімен құттықтайды! Абдуллаға алдағы жарыстарда сәттілік, толағай табыс, жаңа спорттық жетістіктер мен чемпиондық белестер тілейміз!
Жеңісің құтты болсын, Абдулла! Қазақстанның абыройын асқақтата бер! 🇰🇿🥇


