Гуманитарлық көмек жеткізілді

БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге Шымкент қаласындағы Жұмабек Ташенов атындағы университеті, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Шымкент университеті, Орта Азия инновациялық университеті, Академик Ә.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университеттерінен 5 жүк көлігімен гуманитарлық көмек әкеліп табыстаған университет қызметкерлерімен М.Өтемісов ат. БҚУ Басқарма төрағасы-ректор Нұрлан Серғалиев арнайы кездесті.
“Өңіріміз тап болған қиындықта қалыс қалмай, арнайы келгендеріңіз үшін алғысымыз шексіз! Осындай уақытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ынтымақтастықтың үлгісі болдыңыздар. 2000 шақырымды еңсеру де оңай шаруа емес. БҚО тұрғындарына жасаған жақсылығыңыз бен көрсеткен қолдауларыңыз үшін рахмет!” - деді Н.Серғалиев.
Сонымен қатар университет ректоры Н.Серғалиев көмек қолын созып, қолдау көрсеткен жоғарғы оқу орындарының басшыларына арнайы алғыс хаттарды табыстады. Ұжымның аманатын арқалап, білім ордасынан өкіл ретінде келген Ж.Ташенев университетінің проректоры, Ұлттық Заң академиясының мүшесі Ғалымжан Битұрсын мен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік педагогикалық университетінің Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаменті басшысы Кайрат Анарбаев су тасқынына қарсы жұмыс орындарына барып, студент жастармен бірге бөгет тұрғызу жұмыстарына атсалысты. Жалынды жастарды жігерлендіріп, аянбай тер төгіп қызмет атқарып жүрген студенттерге арнайы бата берді.
Күшіміз бірлікте!
 

Теги: